Алматыда колледж студенттері диплом ала алмай жүр

Халық үні

Жиылғандар арасында болашақ тіс дәрігерлері, жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен педиатр мамандары бар

Фото: newtimes.kz

Алматыда жекеменшік медициналық колледж студенттері дипломын ала алмай жүр. Себебі, оқу орнын бітіруі тиіс қыз-жігіттердің дені емтиханнан шекті балл жинай алмай сүрінген. Бірақ студенттер мұны өздерінен емес, тестті дайындаған орталықтан көріп отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, Қарлығаш Жолшыбекованың екі баласы осы колледжді биыл бітіріп, диплом алу керек болған. Бірақ ұлдары қорытынды мемлекеттік аттестатциялаудың алғашқы кезеңінен сүрінген. Бұған ол тестілеу орталығын кінәлап отыр. Айтуынша, тест сұрақтарының құрылымы дұрыс болмаған.

Ақша төлеп, алып жүрген тестті 80-90 балл алып жүргенбіз. Әскерге шақырып жатыр. Повеска келіп қойған. Колледжден жылда алып береміз ғой анықтама. Ол кеше шілдеде бітіп қойған. Төрт балаға жәрдемақы алатынбыз, ол да бітіп қалды. Заңның сұрақтары келді деді. Біздің сұрақтарымыздың ішінде заңның сұрақтары жүр дейді. Түсініксіз, аудармасы анық емес, түсінбейміз түк сөздерді деп айтты, - деді Қарлығаш Жолшыбекова.

Жиылғандар арасында болашақ тіс дәрігерлері, жалпы тәжірибелік дәрігерлер мен педиатр мамандары бар. Олар да тестілеуде берілген сұрақтар мүлде түсініксіз деп отыр. Ал қайтадан тапсыруға жарты жылдан кейін ғана мүмкіндік берілген. Тек ол уақытта студенттердің бірі жоғарғы оқу орнына түсе алмай қаламыз десе, екіншісі дипломсыз әскерге алып кетеді деп уайымдайды. Сол себепті қайта тапсыру уақытын жақындатса дейді.

Біз жұмыс істей алмаймыз. Себебі бізде диплом жоқ. Біз студент ретінде де саналмаймыз. Жігіттерді әскерге алып кетуі мүмкін. Өте көп студент жоғарғы оқу орнына түскісі келген. Оларда оқуын ары қарай жалғастыра алмай отыр. Біз бұлай жарты жыл күтіп отырғымыз келмейді. Бізге қайта тапсыру уақытын ертерек жасап берсін. Мен өз мамандығым бойынша жұмыс істегім келеді. - деді Руфина Алимова.


Жалпы тестілеуге 426 студент қатысқан екен. Оның тең жартысы өтпей қалған. Колледж басшылығы бұл іске араласа алмайтынын, студенттерден тестілеуді тәуелсіз емтихан орталығы алғанын айтты.

Соңғы сынақ тапсыратын тесттер бізге ашық емес. Біз оны білмейміз қандай сұрақтар келіп жатқанын. Біз тестті білмейтін болғаннан кейін оған баға бере алмаймыз. Біз сол туралы Денсаулық министрлігіне жаздық та, айтықта. Енді ол кісілер қандай шешім қабылдайды біз білмейміз, - деді медициналық-стоматологиялық колледж директоры Сәуірбек Рузуддинов.

Ал тест орталығындағылар бәрінің талапқа сай екеніне сенімді. Сұрақтар алдын ала дайындалып, білікті мамандардың тексерісінен өткен дейді олар.

Емтиханда қолданылған орыс және қазақ тіліндегі тест сұрақтары 2023 жылдың мамыр айында тестологиялық және мазмұндық сараптамадан өткізілді. Қазақ тіліне аударатын маман иелерінің бізде екі түрі бар. Олардың медициналық бөлімі бар және мемлекеттік тілді бағалайтын қазақша тест бойынша ленгвист мамандар бізде жұмыс істейді, - деді «Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығының» маманы Маржан Шәріпова.