Егілген 27 мың түп сексеуілден сая болар түк қалмаған
Атырау облысында толассыз көшкен құмды шағыл тұрғын үйлер мен қораларды басып қалып жатыр. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы хабарлады.
Шағылдар соңғы 5 жыл қатарынан келген құрғақшылық пен Каспий теңізінің тартылуы салдарынан көше бастаған. Жергілікті билік ушыққан мәселені сексеуіл отырғызып шешуге көшіпті. Алайда жұмыс шала істелінгендіктен, осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған жоба аяқсыз қалып отыр.
Толассыз көшкен қызыл құм 1300 тұрғыны бар Забурын ауылын тығырыққа тіреген. Алдыңғы жылы 115 млн теңге бөлінген құм тоқтату жұмыстары сәтсіз аяқталыпты. Егілген 27 мың түп сексеуілден сая болар түк қалмаған. Жергілікті билік енді жаңа жұмыстың жобасын жасақтауға кірісті.
Қазір ауылдың ішіндегі құмдарды далаға шығаруға жобалау сметалық құжатын тағы дайындап отырмыз. Бірақ құм көшкіні жұмысты игертпей жатыр, - дейді Исатай ауылының әкімі Аслан Ғұбаш.
Билік басындағылар кеткен кемшілік жуық арада түзелетінін айтады. Салғырттық танытып, жұмысты жарытпаған мердігерге соңғы рет мүмкіндік берілмек.
Олар өздерінің кепілдік хатын да берді бізге. Жасайтын боламыз деген. Кеше тағы да хат жолдаған болатынбыз. Олар күз айында жасаймыз деп өздерінің міндеттеріне алып отыр. Егер орындамаған жағдайда сотқа жүгінеміз, - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева.
Қазір облыс бойынша құм басу қаупі жоғары 6 ауыл бар. Сондықтан жедел шара керек. Енді Исатай ауданында қолға алынған жұмыс жемісін берсе, шағылға көмілген елді мекендердің іргесіне сексеуіл егу жалғасатын болады.