Halyq Uni логотип
×

«Ұлдар мен қыздар бір бөлмеде еденде жатыр»: Балалар омбудсмені «Арман дала» лагеріне қатысты пікір білдірді

Динара Зәкиева лагерлерді тексеруге мораторий кедергі болып тұрғанын айтады.

 Халық үні 17.07.2023 | 20:06
«Ұлдар мен қыздар бір бөлмеде еденде жатыр»: Балалар омбудсмені «Арман дала» лагеріне қатысты пікір білдірді
ашық дереккөзден

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Алматы маңындағы «Арман дала» лагеріне қатысты пікір білдірді.

«Алматы маңындағы «Арман дала» лагеріне қатысты. Кеше түсте білім басқармасының қызметкерлері лагерьге жолға шықты. Ұйыммен жасалған келісім-шарт бұзылатын болды. Лагерь иесіне тиісті шаралар қабылданады. Бұдан бөлек, уәкілетті тұлғаларды жауапкершілікке тартатын тексеріс жүргізілетін болады», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Балалар омбудсменінің айтуынша, Түркістан облысының кейбір лагерьлеріндегі жағдай да бұған ұқсас.

«Өткен айда бірнешеуін аралап көрген едім. Әріптестерім Түркістан облысындағы және Қызылорда облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер Вероцкая Гүлжан мен Ұзақбаева Жапырақ та облыстарының лагерьлерін аралап шықты.

Жалпы, Қазақстанда 120 мемлекеттік, 98 жеке меншік, 900 шатырлы және 9,5 мың мектеп жанындағы лагерь қызмет көрсетеді. Қазір лагерь ашу үшін СЭС мен ТЖД-нен рұқсат қағазын алу қажет. Жағдайлары сұмдық, әрі талаптарға сай келмейтін бұндай жеке меншік ұйымдардың олардан қалайша рұқсат ала алғаны сұрақ тудырады. Алды ма? Өйткені, анықталғандай, СЭС рұқсат қағазынсыз жұмыс істеп жатқан лагерьлер де бар. Тиісінше, сұрақ конкурс өткізу рәсіміне қатысты. Бұл үшін жауапкершілікке тарту қажет деп санаймын, тиісті сұрау салдым», -дейді ол.

Динара Зәкиева лагерлерді тексеруге мораторий кедергі болып тұрғанын айтады.

«Бұған дейін айтқанымдай, бұл – жүйелі мәселе. Бүгінде балаларға арналған ұйымдар жұмысының бірыңғай стандарт-талаптары, оларды заңнамалық тұрғыдан реттеу жоқ. Тексеріске мораторий тұр. Балабақшаларға, дамыту, түзету орталықтары сияқты түрлі мекемеге қатысты арыз, шағымдар көп түсіп жатыр.

Осы мәселені шешу мақсатында қазір біз мемлекеттік органдармен пысықтап жатқан нормалардың ішінде мораторийді алып тастау туралы, қызмет көрсетуге рұқсат беруді реттеу туралы және балаларға арналған барлық мекемеге бірыңғай стандарттар мен ережелер енгізу туралы норма бар. Бұл ұсыныстарды күзде Парламентке жібермекпіз», – дейді Балалар омбудсмені.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама