Алматыдағы жолдың жайына қатысты жаңа ақпараттық ресурс ашылды

Динара Амантай

Қосымшадан пайдаланушылар қаладағы жабылған көшелер мен жол жұмыстарын біле алады

Фото: Halyq Uni

Алматы қаласының әкімдігі мегаполистегі жолдың жайына қатысты жаңа ақпараттық ресурс ашты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Telegram платформасында Almaty_Joly жаңа арнасы пайда болды. Онда аудандық маңызы бар көшелер мен магистральды жолдарды жөндеу кезіндегі қаладағы көлік қозғалысын ұйымдастыру туралы барлық ақпарат жиналған. Арнадағы мәліметтер қалалық мобильділік басқармасы берген өзекті деректер негізінде жазылады.

Бұған қоса, Алматы әкімдігі 2ГИС сервисі арқылы қала тұрғындарын жол жөндеу жұмыстары барысынан құлағдар етіп отыруға қол жеткізді. Қосымшадан пайдаланушылар қаладағы жабылған көшелер мен жол жұмыстарын біле алады. Жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтар туралы соңғы ақпарат қала әкімдігі мен қалалық мобильділік басқармасының ресми парақшаларында да қолжетімді.