Қостанай тұрғындарынан 43 млн теңгені алдап алған «полицейлер» ұсталды
Сондай-ақ жұрттан банк атынан ақша алып жүрген бір алаяқтың 20 қылмысқа қатысы бар болып шықты
Қостанай облысында тұрғындарға полиция атынан қоңырау шалып, 43 млн теңгені алдап алған 4 алаяқ ұсталды.
Бұл туралы ІІМ онлайн-брифингінде ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай айтты.
Павлодар облысы ПД «CyberPol» нысаналы тобы банк қызметкерлерінің атынан алаяқтық әрекеттер арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыруды ұйымдастырған Павлодар қаласының тұрғынын ұстады, - деді ол.
Қазір ұсталған алаяқтың 20 қылмысқа қатысы бары анықталып отыр. Келтірілген залал сомасы – шамамен 40 млн теңге.
Сонымен қатар, Қостанай облысының ПД полиция қызметкерлерінің атынан тұрғындарға қоңырау шалу арқылы жасалған интернет-алаяқтықтың 8 фактісін жасаған 4 тұрғын ұсталды. Келтірілген залал – 43 млн теңге, - деді Жандос Сүйінбай.
Оған қоса, жедел топ Қостанай қаласының тағы бір тұрғынын ұстады. Ол маскировка әдістерін пайдаланып, қылмыстық жолмен алынған ақшаны жинаған. Оның алаяқтықтың 6 фактісіне қатысы бар екені дәлелденді. Қазір алаяқ уақытша ұстау изоляторында жатыр.