Астана әкімі нысандардың жылыту маусымына дайындығын пысықтады
«Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциялары салынады
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек инфрақұрылымдық нысандар құрылысының барысын және жылумен жабдықтау жүйелерінің алдағы жылыту маусымына дайындығын бақылады.
Қазір Астанада тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері бойынша бірқатар нысан салынып жатыр. Оның ішінде газ жылу станциялары, сорғы-сүзгі су станциясы (ССС-3-тің 2-кезеңі), ЖЭО-3 және басқалары бар.
2023-2024 жылдары күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де бірқатар қазандықтар мен турбиналарды жөндеу жұмысы жоспарланған. Жұмыстың бір бөлігі орындалды. Сондай-ақ ЖЭО-1 және ЖЭО-2 аумағында газбен жабдықтаудың сыртқы желілері салынды, ЖЭО-1-дегі барлық 10 қазандық агрегаты мен ЖЭО-2-дегі су жылыту қазандықтары қайта жаңартылды.
Сондай-ақ премьер-министрдің бірінші орынбасары мен Астана қаласының әкімі «Астана-Энергия» АҚ нысандарын аралау кезінде жабдықтардың тозуын азайту, елорданы сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету, қоршаған ортаға кері әсерді барынша азайтуға бағытталған жаңа технологияларды енгізу үшін іске асыру жоспарланып отырған перспективалы жобалармен танысты.
Жеңіс Қасымбек қаланы қосымша жылумен қамтамасыз ету үшін «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларының құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Олардың қуаты құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3 қуатынан асып түседі. Осы газ жылу станцияларын алдағы жылыту маусымында кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр.