«Жағдайыңыз күрт нашарласа...» - ІІМ көлік жүргізушілерге кеңес берді
Мұндай жағдайларда өрт шығуы мүмкін
Ішкі істер министрлігі аптап ыстық күндері жолға шыққанда қандай ережелерді қаперде ұстау керектігін еске салды.
Апталық онлайн-брифингі барысында ведомство өкілі Шұғыла Тұрлыбек ыстық күндері көлікпен жолға шыққандарды мына ережелерді ұстануға шақырды:
- алыс қашықтықтағы сапарға таңертең немесе кешке ыстық басылған кезде шығу;
- медициналық көмек қобдишасы мен суды жүк салғышқа емес, өзіңе жақын жерде ұстау;
- қатты ыстық кезеңде көктайғақта қозғалғандай ақырын, сақ жүріңіз. Себебі жоғары температура жағдайында асфальт өзінің қасиеттерін жоғалтады және тайғақ болады;
- салқындату жүйесін үнемі бақылап, қозғалтқыштың салқындату жүйесіне күш түсірмеу;
- бакты толық толтырмаңыз. Өйткені жоғары температурада дизель отыны мен бензиннің көлемі ұлғаяды, белсенді булану жүреді. Сонықтан мұндай жағдайларда өрт шығуы мүмкін. Осыған байланысты сапар алдында жарамды өрт сөндіргіштің бар-жоғын тексеру қажет;
- жүрек-қан тамырлары және созылмалы аурулары бар жүргізушілер осындай уақытта жолға шықпағаны жөн;
- жағдайыңыз күрт нашарласа, көлікті дереу тоқтатып, басқа жүргізушілердің назарын аударыңыз немесе жедел жәрдем шақырыңыз, құтқару қызметіне, полицияға қоңырау шалыңыз.