«Бишімбаев ісіндегі» шыны зауыты іске қосылды
Зауыт пешін Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова жақты
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы әлеуметтік желідегі парақшасында Қызылорда облысындағы шыны зауыты іске қосылғанын, оны 2022 жылдың наурызында толық пайдалануға берілетінін хабарлады. Сенатордың айтуынша, әзірге зауыт пеші іске қосылған.
Соңғы он төрт жыл бойы жыр болып келе жатқан Қызылордадағы шыны зауытының пешін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіхалықова жақты. Наурыз айының аяғында зауыт толық іске қосылады», - деп жазған депутат.
Қызылорда облысындағы шыны зауытына бөлінген қаражатты жымқырды деген айыппен бірнеше адам сотталды. Олардың қатарында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев та бар.
2017 жылдың 10 қаңтарында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ірі көлемде пара алғаны үшін ұсталғаны хабарланды.
Бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталған Қуандық Бишімбаев 2018 жылдың 14 наурызында 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот Бишімбаевты Қызылорда облысында салынуға тиіс шыны зауытына бөлінген 1 млрд теңгені жымқырды, пара алды деген баптар бойынша кінәлі деп тапқан. Бишімбаевпен бірге «Байтерек Development» АҚ лауазымды топ-менеджерлері, кәсіпкерлер, ұзын саны 22 адамға айып тағылған.
2018 жылдың 29-шы желтоқсанында Түркістан облысының Төле-би аудандық соты Бишімбаевты жалпы режимге ауыстырған болатын. Оған дейін экс-министр өзін қоныс колониясына аударуға өтініш жазған. Кейін Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзету мекемесіне ауыстырылды.
Кейін экс-министр Шымкент қаласындағы ауданаралық сотқа мерзімінен бұрын бостандыққа шығару жөнінде өтініш түсіріп, сот оның өтінішін қанағаттандырып, 2019 жылғы 11 қазанда тиісті шешімі заңды күшіне енді. Осылайша 10 жылға сотталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев түрмеден босап шықты.
Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамай, кадр таңдауда қателескенін айтты. Сондай-ақ Елбасы мен халық алдында кінәлі екенін айтқан.
Жақсыбаев, Жақыпов секілді өзім жұмысқа қабылдаған адамдар мені сатып кетті. Кадр таңдаудан қатты қателестім. Бұл үшін мемлекет басшысының алдында жауап беремін. Басыма түскен осы жағдайдан, президенттің үмітін ақтамағаным үшін ұяламын, елбасынан және жалпы қазақ халқынан кешірім сұраймын, - деген еді экс-министр.