Түркістан облысының әкімі кісі қолынан қаза тапқан 5 жасар қыздың отбасына барды

Халық үні

Қыз 14 шілде күні жерленді

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданына барды. Жібек жолы ауыл округінде кісі қолынан қаза тапқан 5 жасар қыздың шаңырағында болып, ата-анасына, жақындарына көңіл айтты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Өте ауыр жағдай. Қайғыларыңызға ортақпын. Жұбатуға сөз табу қиын. Кішкентай балапанның ауыр қазасы бәрімізді күйзелтті. Қазір күдікті ұсталды. Заң аясында қатаң жазаланады», – деген облыс әкімі қайғы жамылған отбасыға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында болған қылмысқа қатысты күдікті ұсталып, қамауға алынған.

Оқиға орнына 13 шілде күні түнде ерекше бақылау және тұрғындармен қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында облысы әкімінің орынбасарлары Н.Көшеров, Б.Тәжібаев, облыс прокуроры М.Тілеубердиев, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы М.Қабденов, ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Т. Мелдешов барды.

Пышақ жарақаттарынан қайтыс болған қыздың денесі сот-медициналық сараптамадан өткеннен кейін 14 шілде күні жер қойнына тапсырылды. Сараптама қорытындысы жедел түрде 20 күн ішінде шығарылады.

ҚР Президенті Бас прокуратура мен ІІМ-не болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды. Күдіктіге қатысты ҚР қолданыстағы заңнамасы шеңберінде тиісті шаралар жүргізіледі.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауыл округінің әкімдігінде оқиға болған аймақтағы өзекті мәселелер талқыланды. Оған барлық құзырлы орган басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Өңір басшысы шекаралас аймақты дамыту, сауда-логистикалық әлеуетін тиімді пайдалану, көлеңкелі экономиканы жою бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Шекара маңындағы заңсыз сауда айналымына тосқауыл қою керек. Кәсіпкерлерге жағдай жасап, заңдастыру мәселесін шешу қажет.  Осы салаға жауапты мекемелер, құзырлы органдар өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарағаны жөн. Тұрғындар тарапынан түрлі мәселелер көтеріліп жатыр. Назарға алынып, тиісті жұмыс жүргізілсін. Заңсыздықтарға қарсы қатаң шаралар қабылдануы қажет», – деді Дархан Сатыбалды.

Жауапты мекеме басшыларына кәсіпкерлерге жағдай жасау, қолдау көрсету жөнінде тапсырма берілді. Заңсыз сауда, көлеңкелі экономика, заңсыз алкогольді өнімдер саудасы, трамадол сатуға тосқауыл қою және өзге де маңызды мәселелер көтерілді.