Абай облысында тағы да орман аумағы өртенді

Динара Амантай

Министр өрт орнына аттанды

Фото: Абай обл. ТЖД баспасөз қызметі

Абай облысындағы «Семей орманы» МОТР аумағынан тағы да өрт шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Абай облысы ТЖД-ға «Семей орманы» МОТР қызметкерлерінен 11:40-та Беген орманшылығы аумағында құрғақ шөптер мен ағаштардың жануы туралы ақпарат келіп түскен (57 және 58 орамдар). Сағат 11:52-де өрт орнына ТЖМ бөлімшелерінің күштері мен құралдары : облыстың ТЖД, ТЖМ 68303 әскери бөлімінің, ШҚО ТЖД жеке құрамдарының 100 адамы және 20-дан астам техникасы жіберілді. Өртті жедел сөндіруге жәрдемдесу мақсатында ТЖМ авиациясы жіберілді.

Қазір «Семей орманы» МОТР ақпараты бойынша өрттің алдын ала ауданы – 20 гектар. Өрттің жанында қазір «Шошқала» демалыс аймағы орналасқан.

ТЖД және ПД күштерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болуы ықтимал түтіндеуге байланысты демалыс аймағынан шығу ұсынылды.

Сондай-ақ өрт орнына ТЖМ министрі Сырым Шәріпханов та аттанды.