Қызылорда облысында қайғылы жағдай болды
Автобус Қызылорда - Қазалы бағытында қатынаған
Қызылорда облысында Шымкент-Самара тас жолында соқтығысқан жолаушылар автобусының бір жолаушысы, сондай-ақ жеңіл көліктің жүргізуші де қаза тапты, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Ведомство мәліметінше, 14 шілдеде Қызылорда қаласы Баймұрат ауылының тұсында Шымкент-Самара тасжолында автобус пен жеңіл автокөлік соқтығысқан. Автобус Қызылорда - Қазалы бағытында қатынаған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жеңіл автокөліктің жүргізушісі оқиға орнында жан тапсырды, автобустың бір жолаушысы медициналық мекемеде көз жұмды. Автобус жүргізушісі мен 3 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды, олардың біріне алғашқы медициналық көмек көрсетілді.
Жол апаты дерегі бойынша ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.