Кітапта Олимпиада ойындары туралы қызық дерек бар
Бүгін Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасында «Сенің Олимпиадалық оқулығың» атты оқу-әдістемелік құралының тұсаукесері өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кітап авторлары – Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті, философия ғылымдарының докторы (PhD) Тастанбек Есентаев, профессор, педагогика ғылымдарының докторы, Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі Мария Булатова мен Қазақстанның құрметті спорт қайраткері, доцент Бақытжан Есжанов.
Жиынға Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, бокстан 2 дүркін Олимпиада жүлдегері Болат Жұмаділов, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, біліктілігі жоғары бапкер Марат Елеусінов, қоғам қайраткерлері мен ғалымдар қатысты.
Кешті белгілі журналист, Altyn Qyran Foundation қайырымдылық қорының бас директоры Ринат Кертаев жүргізді. Ол кітап авторларына Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановтың арнайы құттықтауын жеткізді.
Іс-шарада министрдің орынбасары Сәрсен Құранбек жинақтың маңызына тоқталды.
1996 жылдан бері Қазақтан жеке мемлекет ретінде Олимпиада Ойындарына қатысып келеді. Әр Олимпиадада көк туымыз желбіреп, спортшыларымыз жүлдегерлер қатарынан ойып орын алады.
Жастарды тәрбиелеуде, дені сау ұрпақ қалыптастыруда Олимпиада ойындарының мәні мен маңызы жоғары. Енді Олимпиада ойындарының тұғырына ұмтылатын ұрпақты тәрбиелеу үшін біз оның тарихын да жете білуіміз керек. Осы тұрғыда бүгінгі тұсауы кесілген «Сенің Олимпиадалық оқулығың» атты жинақтың алар орны ерекше, - деді Сәрсен Құранбек.
Кітап авторларының бірі әрі идея авторы Тастанбек Есентаев еліміздегі оқу орындарында жастарға Олимпиада ойындары жайында тиісті мағлұмат беретін бірде бір дереккөзінің жоғынан осындай жинақты басып шығаруды қолға алғанын айтты.
Бұл оқу құралын жазу идеясы маған Дене шынықтыру ғылыми-практикалық орталығында бас директоры қызметін атқарып жүргенде келді. Себебі, оқу орындарында Олимпиада ойындарының тарихы мен оның танымалдылығы тиісті деңгейде емес еді. Одан бөлек, оқу орындарында еліміздің жазғы және қысқы Олимпиада ойындарында жеткен жетістіктері жайында мағлұмат беретін бірде бір бұрыш жоқ. Демек, өскелең ұрпақ ел мақтаныштарын дұрыс білмейді деген пайымға келдім, - деді Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті – бас хатшысы.
200 беттен тұратын оқулықтан Олимпиада ойындарында жоғары нәтижеге қол жеткізген Қазақстан спортшылары ғана емес, жаттықтырушылары туралы тың ақпарат табуға болады.
Сондай-ақ кітапта 1956-2020 жылдары аралығында Қазақ ССР мен тәуелсіз Қазақстанның спортшылары Олимпиаданың жүлделі орындарына 147 рет көтерілгені туралы жазылған.
Авторлардың айтуынша, жаңа оқулық балаларға түсінікті және жеңіл тілде жазылған. Сондықтан кітап жастардың Олимпиада ойындарына қызығушылығын оятып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен кәсіби түрде шұғылдануға мотивация береді.
«Спорттағы ең негізгі оқиға Олимпиада ойындары екені белгілі. Оның идеологиялық маңызы тереңде жатыр. Әлем елдері бас қосатын дүбірлі додада қаншама спортшы қиындықты еңсеріп, Қазақстанның атын шығарды, үлкен белестерді бағындырды. Олар көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатты, рухымызды көтерді. Мұның бәрі – тарих. Мұны өскелең ұрпақты тәрбиелеуде таптырмас құрал деп білемін.
Сондықтан жинағымыз ұрпақ тәрбиелеуде, мемлекеттік саясат пен ұлттық идеологиямызды дұрыс жүргізуге өз үлесін қосады деп ойлаймын», - деп сөзін түйіндеді Тастанбек Есентаев.