Қазандықтарды кесте бойынша 15 қарашаға дейін жөндеу жоспарланып отыр
Бүгін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Риддер қаласына барып, Жылу-электр орталығының жұмысымен танысып, жылу беру кезеңіне дайындық жөніндегі үйлестіру штабының отырысын өткізді.
ЖЭО-да барлығы 6 қазандық және 4 турбина орнатылған. Биыл барлық 6 қазандықты жөндеу жұмыстары ұйымдастырылды. 8 мердігер және 3 жобалық ұйым тартылды. Қазандықтарды жөндеуден басқа, бүгінгі күні отын беру, бойлерлерді күрделі жөндеу, ғимараттар мен құрылыстарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кесте бойынша № 1, 2, 4 қазандықтарды 15 қыркүйекке дейін, № 3, 6 қазандықтар 15 қазанға дейін, №5 қазандық 15 қарашаға дейін жөндеу жоспарланып отыр.
Станцияға мердігерлік ұйымдардың 200-ге жуық маманы жұмылдырылды.
Министрлік Үкіметпен бірлесіп жөндеу жұмыстарын жүргізуге Үкімет резервінен 8,3 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлу мәселелерін шешті.
Министр жөндеу жұмыстарын жеделдету қажеттігіне назар аударды. Сонымен қатар багерлік сорғы, турбиналық цех, мазут сорғы жөндеумен қамтылмаған. Күл үйіндісі бойынша шешімді жеделдету қажеттігін атап өтті.