«А» серіктестігі 114 млн теңгеден аса берешегіне байланысты жабылды
Қарағанды облысында ЖШС басшысы банкроттық рәсімінде мүлікті жасырғаны үшін сотталды. Ол бір жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті хабарлады.
Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі бойынша, 2020 жылғы қарашада «А» ЖШС 114 млн теңгеден аса берешегіне байланысты банкрот деп танылған.
Әдейі банкроттық белгілерін және борышкердің төлем қабілетсіздігіне (дәрменсіздігіне) әкеп соққан әрекеттерді анықтау тәртібіне сәйкес, департамент ЖШС қызметіне талдау жүргізді. Оның нәтижелері бойынша «А» ЖШС-не қасақана банкроттықтың бар белгілері туралы қорытынды жасалды. «А» ЖШС заңға қайшы әрекеттер жасап, мүлікті жасыру арқылы 71 млн теңгеден аса сомаға ЖШС балансында тұрған тауарлық-материалдық қорларды есептен шығарды. Осы факті бойынша «А» ЖШС басшысы мен жалғыз құрылтайшысына қатысты ҚР Қылмыстық кодексі 238-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды, – делінген хабарламада.
Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының үкімімен «А» ЖШС-ның басшысы биылғы маусым айында ҚР Қылмыстық кодексі 238-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған коммерциялық кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдық-өкімдік лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкімі шығарылды.