Жетісу облысында түнде дүкенге шыққан әйел ажал құшты

Халық үні

Үстіне киген киімдерін сол маңнан жинап алған жақындары оны алдымен зорлады деп ойлайды

ашық дереккөзден

Жетісу облысы Панфилов ауданында 42 жастағы әйелдің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Күдіктінің іс-әрекетіне құқықтық баға берілуде, деп хабарлайды nur.kz.

Жетісу облысы полиция департаментінің хабарламасына сәйкес, күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша іс қозғалған.

«Заңда көзделген барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижесі бойынша күдіктінің іс-әрекетіне құқықтық баға беріле отырып, іс бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жариялауға жатпайды», - деп жауап берді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі.

ҚазАқпарат агенттігі марқұмның туыстарының сөзіне сүйеніп, 42 жастағы әйелдің Жаркент қаласында айуандықпен өлтірілгенін хабарлады. 4 шілде күні түнгі сағат 12-лер шамасында дүкенге шыққан Элеонора Зипарованың өртенген мәйітін таңертең ауыл тұрғыны тауып алған. Үстіне киген киімдерін сол маңнан жинап алған жақындары оны алдымен зорлады деп ойлайды.