Митрополит Александр қала әкімін «Бейбітшілік және келісім» орденімен марапаттады
Алматыда орыс князі Александр Невскийге ескерткіш ашылды. Ескерткіш жақында ғана ашылған Александр Невский храмының аумағына қойылды.
Оның ашылу салтанатына Аламты қаласының әкімі Ерболат Досаев, Қазақстан митрополиті Александр, Ресей президентінің көмекшісі Владимир Мединский қатысты.
Рәсімде Мединский Ресей президенті Владимир Путиннің құттықтау хатын оқыды. Одан кейін митрополит Александр жиналғандарға Ресей патриархы Кириллдің үндеуін оқып берді.
Осы жерде митрополит Александр қала әкімін Орыс православ шіркеуіне адал қызмет етіп келе жатқаны үшін «Бейбітшілік және келісім» («Мир и согласие») орденімен марапаттады.
Мұндай орден, награданы Қазақстандағы Орыс православ шіркеуі мемлекеттің рұқсатынсыз, өз беттерінше тағайындай береді. Мәселен, 2021 жылы шіркеудің «Алғыс» (Благодарность) орденін бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев алған болатын.