Ерболат Досаев «Қалалық сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС-нің қызметін сынады
«Ерменсай» шағын ауданындағы электр желісі тамыз айында Алматы балансына беріледі.
Almaty.tv-ның хабарлауынша, Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуде қала әкімі Ерболат Досаев «Ерменсай» шағын ауданында «Қалалық сумен жабдықтау кәсіпорны» ЖШС-ның электрмен және сумен жабдықтау бойынша сапасыз қызмет көрсетіп жатқанын атап өтті.
Табиғи монополияларды реттеу департаменті жүргізген тексерулердің нәтижесінде осы кәсіпорынның қызметінде бұзушылықтар анықталды. Сонымен қатар, аудандық полиция басқармасы осы жылдың 20 маусымында кәсіпорын тарапынан заңсыз әрекеттер фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді. Әкімдік өткізген келіссөздерден кейін 26 маусымнан бастап қаланың балансына 4,4 шақырым электрмен жабдықтау әуе желілерін беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оны 2023 жылдың тамызында аяқтау жоспарланып отыр, – деді ол.
Осыған байланысты «Ерменсай» шағын ауданындағы электр желісі тамыз айында Алматы балансына беріледі.