ІВА құрамынан тағы екі мемлекеттің Бокс федерациясы шықты

Дастан Жұмабекұлы

Бұған дейін АҚШ пен Швейцария ұйымның құрамынан шыққан болатын

Фото: ашық дереккөз

Жаңа Зеландия мен Аргентина Халықаралық бокс қауымдастығы (ІВА) құрамынан шығатынын мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ пен Швейцарияның ұлттық федерациялары ІВА құрамынан шығатынын мәлімдеген болатын. Енді олардың қатарына Жаңа Зеландия мен Аргентина қосылды.

Жаңа Зеландияның бокс федерациясы World Boxing ұйымына мүше болатынын да мәлімдеді. Бұл ұйым биыл Халықаралық бокс қауымдастығына балама ретінде құрылды.

Маусым айында Халықаралық олимпиялық комитет басқарушылық, қаржы және этика мәселелерінде дұрыс реформа жүргізе алмағаны үшін ІВА-ны мойындаудан бас тартты. Халықаралық бокс қауымдастығы 2019 жылы Олимпиялық ойындардағы бокс турнирлерін ұйымдастырудан шеттетілген еді. ІВА-ның бұрынғы атауы – АІВА.