Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 200-ге жуық адам жауапқа тартылды

Динара Амантай

Он күн ішінде 191 шақырту түскен

Фото: polisia.kz

Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша он күнде 200-ге жуық адам жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, шілденің 1-10 аралығында Шымкент полициясының «102» арнасына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 191 шақырту түскен. Оның ішінде 10 шақырту бойынша жәбірленушінің арызынсыз, учаскелік инспектордың анықтауымен әкімшілік іс қозғалды.

ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен 92 адамға, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 31 адамға және ұрып-соғу бойынша 5 азаматқа қатысты тәртіп сақшылары әкімшілік іс қозғады. Құқықбұзушылықтар бойынша дер кезінде жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агрессор 31 құқықбұзушыға қатысты 24 сағатқа әкімшілік ұстау шарасы қолданылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әкімшілік істер сотқа жолданды, қазір сот шешімімен 14 ер адам әкімшілік қамауға алынды.

Жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 112 адамға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылып, 1 ай мерзімге профилактикалық есепке алынды. Ал 9 азаматтың мінез-құлқына сот арқылы ерекше талаптар белгіленді.

 Айта кетсек, 1 шілдеден бастап мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңға енгізілген өзгерістер өз күшіне енді.