×

Аяқсыз қалған Silver тұрғын үйі: Астанада 200 салымшы пәтер мен ипотекаға қатар шығындалып отыр

Салымшылардың кейбірі құрылыс компаниясынан күдер үзгенін айтып, ақшасын қайтарып беруін сұрап отыр

 Гүлбаршын Нұрхан 12.07.2023 | 19:10

Астана қаласында Almaty Development Company құрылыс компаниясына тиесілі Silver тұрғын үй кешенінің құрылысы қаңтарылып тұр. 

Салымшылардың айтуынша, жоспарда тұрғын үй құрылысы 2023 жылдың 17 қаңтарында аяқталып, пайдалануға берілуі керек болған. Алайда, содан бері не үй салынып бітпеген, құрылыс та тоқтап қалған. 

«Мен 2021 жылдың желтоқсан айында Almaty Development Company құрылыс компаниясымен келісімшартқа отырдым. Келісімшарт Отбасы банкінің 50/50 бағдарламасы бойынша жасалды. Компанияның директоры екі жылға жуық уақыт бізді құрғақ уәдемен алдап келеді. Келісімшарт бойынша, 2023 жылдың қаңтарында тұрғын үйді аяқтап, пайдалануға беруі керек болған. Алайда 2022 жылдың сәуір айынан бастап қарқынды құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Бізге компания директоры үнемі кредит аламын, ақша түседі деп айтып отырады. Хат келді деп айтып, бірақ бізге көрсетпей жүр. Бұл тұрғын үй кешеніне «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның гарантиясы бар. Бірақ ол компаниядан ешқандай пайда жоқ. Олар бізге қарамайды, тіпті дұрыс жауап бермейді. Не қаласаңдар, соны істеңдер деп айтады. Мен 7,5 млн ақшаны салдым, одан бөлек бір жарым жыл ішінде шамамен 2 млн-нан астам ақша төледім. Сол уақыттың ішінде мен депозитке жинап, ақшаны көбейтіп алар едім. Бұл тұрғын үй кешенінің қашан аяқталатыны түсініксіз. Бізге үнемі өтірік айтады», - дейді тұрғын үй салымшысы Диана Әлиева. 

Тұрғын үй салымшылары сол уақыттан бері құрылыс компаниясының «құрғақ уәдесіне» алданып келе жатқанын айтты. Төзімі таусылған салымшылар шағымын айтып әкімдікке де барыпты, бірақ жергілікті биліктен де қайран болмай отыр. 

Бұл үйді 7-20-25 бағдарламасымен алдым. Бастапқы жарна ретінде 5 млн-дай қаржы салдым. Бұл компанияның директоры уақытты үнемі созып, кейінге қалдырып келеді. Олар басында үйді 2022 жылдың тамыз айында беріледі деп айтып, кейін оны қаңтарға ауыстырды. Мен қазір үш баламмен үй жалдап тұрамын. Ай сайын 12 мың теңге төлейміз. шамамен 150 мыңдай шығын кетеді. 

Бұл жақта қазір ешқандай құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Ешқандай іс-әрекет жасалып жатқан жоқ, тіпті бұл үйде аула да жоқ. Ал үй алдындағы күзетшілер үй дайын, енді пайдалануға беріледі деп алдайды. Бірақ үйдің ішкі жұмыстары мүлдем реттелмеген, - деді тұрғын үй салымшысы Әлия Жұмагелдинова. 

Салымшылардың айтуынша, қазір олардың жартысы үй жалдап тұруға мәжбүр.  

Мен екі бөлмелі пәтерге ақша салған едім. Қазір үй жалдап тұрамын. Ай сайын 120-150 мыңдай шығын кетеді. Ал үйге ақшаны кілтті бергеннен кейін төлейміз. Шамамен үйге ақша салған салымшылардың жартысы үй жалдап тұрады, ипотека төлейді. Біз әкімдікке бірнеше рет бардық, олар бүгін ертең ақша түседі, кредит аламыз деген сөздерімен тойдырып жүр, - дейді тұрғын үй салымшысы Нұрбек Жұмадильдинов.

Салымшылардың кейбірі құрылыс компаниясынан күдер үзгенін айтып, ақшасын қайтарып беруін сұрап отыр. 

«Директордың айтуынша, 4 адам компаниямен келісімшартты бұзғысы келеді екен. Бірақ одан да көп деп ойлаймын. Мен де солардың ішінде бармын. Осыдан үш ай бұрын келісімшартты бұзу үшін өтініш жазғанмын, бірақ оның қаралатын уақыты өтті. Маған 11 шілде күні ақша түседі деп айтқан болатын, бірақ ақша әлі түскен жоқ», - деді тұрғын үй салымшысы Баймырза Қауғанбаев.

Ал Almaty Development Company құрылыс компаниясының өкілдері «Қазақстан тұрғын үй компаниясынан» қаражатты күтіп отырғанын айтты.

Қазір қаржыны күтіп отырғандықтан, құрылыс тоқтап тұр. Біздің гарантиямыз бар, қаражат бойынша «Қазақстан тұрғын үй компаниясына» өтініш жібердік. Құжаттарымыз да бар. Қазір қаржы аударылатыны жайлы жауап келді. Енді біз сол қаржының түсуін күтіп отырмыз, - деді Almaty Development Company құрылыс компаниясының өкілі Айгерім Райымбекова. 

Салымшылар Silver тұрғын үй кешенінің құрылысына жауапты компанияның ақшасы таусылғанын айтып, компания басшыларының құрылысты соңына дейін жеткізу үшін «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-дан ақша алатын «жұбатуына» сенбей отыр. Өйткені, нақты нәтиже жоқ. Құрылыс тым баяу жүріп, ұзаққа созылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама