×

Талдықорған іргесіндегі бөлімшеде Баталовтың тұсында берілген уәделер әлі орындалмай отыр

Кей тұрғындар ағаштан тіреу жасап, жақын маңдағы бағаналардан электр сымын үйіне тартып отыр

 Думан Қырықбаев 29.04.2022 | 14:13
фото: Halyq Uni

Талдықорғандағы 3-бөлімше тұрғындарын мазалайтын негізгі төрт мәселе бар - ауыз су, газ, жарық және қоғамдық көлік. Тұрғындар бұл мәселелержі облыстың бұрынғы әкімі Амандық Баталовпен кездесуде де көтерген. Сол жерде уәделер беріліп, халықтың мәселесі ескерілетіні айтылған. Бірақ 3-бөлімшеде әзірге оң өзгеріс байқалмайды.

Жарық мәселесі. Жел тұрып, күн бұзылса 3-бөлімшедегі халықтың жартысына жуығы жарықсыз қалады. Былтыр тұрғындар жарық мәселесін көтеріп, әкімдікке хат жолдапты. Ал жергілікті биліктің жауабында «Astana Mix Building» серіктестігі жобалау-сметалық құжаттамасын жасап жатқаны және сараптама дайын болған соң, жұмыс басталатыны жайлы айтылып, тұрғындарың үмітін оятқан. Бірақ уәде орындалмай, үміт ақталмай отыр.

Кей тұрғындар ағаштан тіреу жасап, жақын маңдағы бағаналардан электр сымын үйіне тартып отыр екен. Бір жағынан қауіпті, екінші жағынан халықта басқа амал жоқ.

«Жарық мәселесі басты проблема. Көбісі электр тоғына көршілері арқылы қосылып отыр. Шамасы жететіндер кезінде бетон немесе ағаш бағаналар орнатып алған. Біз сияқтылар қолдан тіреу бағана жасап, жарық қосып отырмыз. Тұтынғанымызға қарай көршімен бөлісіп төлейміз. Кейде қуаты жетпей, жарық әбден әлсірейді. Әсіресе, кешке тұрғындар жаппай үйіне оралғанда қиналып қаламыз. Жергілікті билік осы мәселені тездетіп шешіп берсе екен. Түнде көше шамдары жарқырап тұрса, қандай керемет. Қыстың күні балалар сабақтан күн батқанда қайтады», - дейді Бақытжан Нұрғалиев есімді тұрғын.

Бағана орнатылған кейбір жерлерде көше шамдары тұр. Алайда, осы күнге дейін бірде-біреуі іске қосылмаған. Тұрғындар бұл шамдардың босқа тұрып тозып кетуі мүмкін екенін айтады.

Мұндағы үйлердің басым бөлігі табиғи газға қосылмаған. Қала шетіндегі саяжайлардың өзіне құбыр тартылып, газ беруге дайын тұр. Ал 3-бөлімшеде бұл бағыттағы жұмыстар биыл ғана басталған,

«Қалада көгілдір отынға қосылып жатқан үйлерді көргенде, соларға қызыға қараймыз. Былтырғыдай көмір тапшылығы болғанда, олар біз сияқты кезекте тұрып, бас қатырған жоқ. Күн суықта біраз қиналдық. Қала іргесінде тұрсақ та, табиғи газға қол жеткізе алмай отырмыз. Саяжайларға дейін құбыр тартып тастаған. Биыл бізді де сол көгілдір отынға қосып берсе, жақсы болар еді», - дейді Балғын Серікұлы есімді тұрғын.

Үшіншісі – ауыз су мәселесі. Былтыр құбыр тартылған, бірақ оны іске қосуға әлі рұқсат бермеген. Бөлімшедегі ішкі жолдардың да жағдайы мәз емес. Асфальт атымен жоқ.

Автобустардың көбі ішке кіре бермейді. Сондықтан, жасы бар, жасамысы бар көлік ағылып жатқан күре жолдың бойына шығып автобус тосады. Арнайы аялдама болмағандықтан, қоғамдық көліктер көбіне жол бойына тоқтай бермейді.

Автобус жүргізушілерін түсінуге болады. Жол нашар. Шаңға батып жүргісі келмейді. Бірақ, осында тұратын халықты да ойлау керек. Әсіресе, балаларға қиын. Жақын маңда мектеп жоқ. Қалаға барып оқиды. Ал, үлкен трассаға балаларды жалғыз жіберуге қорқамыз. Арлы-берлі ағылып жатқан көліктер көп. Кейде адамдарды көлік қағып кеткенін естиміз. Сондықтан, жолдасым балаларды мектепке өз көлігімен тасиды. Кейде өзім автобуспен бірге барып қайтамын», - дейді Айшагүл есімді тағы бір тұрғын.

Жергілікті әкімдіктегілер жағдайдан толық хабардар. Тіпті, Талдықорған қаласының жаңадан тағайындалған әкімі Әсет Масабаев тұрғындар талабы ескерілетінін айтып, бірінші кезекте қоғамдық көлік мәселесін шешуге уәде еткен.

Жалпы, бұл бөлімшеге қаладан №13 бағыт бойынша 12 автобус қатынайды. Жиілігі де ұзақ емес. Әкімдіктің баспасөз хатшысы Мәди Шакеновтің айтуынша, Әсет Дүйсенбекұлы (әкім – авт.) дүйсенбіден бастап автобустардың ішкі көшелермен жүруін тікелей бақылауына алатын болған.

«Электр жарығына келсек, бүгінде «Astana Mix Building» ЖШС 2,6 млн теңгеге жобалау-сметалық құжаттарын дайындап берді. Ол бойынша 6 трансформаторлық подстанция, 20 шақырым электр және жарықтандыру желісі тартылады. Жобаны сараптамадан өткізу үшін 630 мың теңге қаржыға сұраныс берілді. Соның қорытындысы қалай дайын болады, солай құрылыс-монтаж жұмыстары басталады. Ал, ауыз су бойынша, былтыр «Көлсай Строй» ЖШС 154,4 млн теңгеге 8,9 шақырым құбыр төсеген болатын. Қазір «Жетісу су құбыры» мекемесі тұтынушыларға суға қосылу үшін техникалық шарт беріп жатыр», - дейді қала әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Табиғи газдың бөлімшеге қашан берілетінін белгісіз. Биыл 249,5 млн теңгеге жобаны ұтып алған «Golden City DS» серіктестігі 25,5 шақырымға газ құбырын тартып шықпақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама