Мемлекет басшысы облыс тұрғынының арыз-шағымына жауап берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы тұрғынының тұщы су тапшылығына қатысты арыз-шағымына назар аударып, Үкімет пен облыс әкімдігіне аталған мәселені мүмкіндігінше тез арада шешуді тапсырды.
Үкіметтің мәліметі бойынша, бүгінде өңірдегі су тапшылығы – ең өзекті мәселелердің бірі. Ал Ақорданың хабарлауынша, Мұнайлы ауданында судың жетіспеушілігі тәулігіне 77 200 текше метр болып отыр. Ауызсудың тапшылығы, әсіресе, жаз мезгілінде қатты сезіледі.
Мұнайлы ауданында қиын жағдай қалыптасып отыр. Қазір «Каспий» су тұшыту зауытындағы істен шыққан сорғы қондырғысының жөнделіп жатқанына байланысты аудандағы су беру мөлшері тәулігіне 13 мың текше метрден 10 мың текше метрге дейін азайған.
Аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін өңірде су тұшыту зауыттары мен қондырғылардың құрылысы басталған.
Халық санының жыл сайын өсуіне байланысты «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 20 мың текше метрге арттыру қажет. Бұл ауызсу беру мөлшерін тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Осы мақсатта Үкімет резервінен 5,6 миллиард теңге бөлу жөнінде шешім қабылданды.
Мұнайлы ауданын сумен «Маңғыстау жылу» МКК қамтамасыз етеді. Ауызсу тапшылығына байланысты «Маңғыстау жылу» МКК халыққа суды құбыр арқылы кесте бойынша жеткізеді. Сонымен қатар суды аудан тұрғындарының сұранысы бойынша су таситын көлікпен әкеледі.
«Каспий» су тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізу жөніндегі жобаның іске асырылуы Мұнайлы ауданының ауылдары мен Қарақия ауданы Құрық ауылының тұрғындарын сумен үздіксіз қамтамасыз етуге және су тапшылығын толық жоюға мүмкіндік береді.