Жамбыл облысында 26 жылқы жай түсіп қырылып қалды

Халық үні

Оқиға Тұрар Рысқұлов ауданындағы таулы аймақ – Тереңөзек ауылының маңында болған

ашық дереккөзден

Жамбыл облысында найзағай түсіп, бір үйір жылқы қырылып қалды, деп хабарлады  «Хабар 24» телеарнасы.

Оқиға Тұрар Рысқұлов ауданындағы таулы аймақ – Тереңөзек ауылының маңында болған.

Жұртшылық енді малының ақысын кімнен өндірерін білмей дал.

Нұрболат Мырзақұлов 20 жылдан бері бақша егіп, мал шаруашылығымен айналысады. Шаруа осыдан екі жыл бұрын ауылдағы екі үйін кепілге қойып, 3,5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Оған жылқы малын сатып алған. Бірақ оқыс оқиғадан 10 жылқысы өліп, қорасы қаңырап қалды. Шаруа мұндай жағдай аймақта алғаш рет болғанын айтады.

«Ойда жоқта міне, қиратып тастады. 5 миллион шығынға ұшырадым. Енді не қойып берем, білмеймін. Ауылда кішігірім там бар еді. Одан ажырап қалсам мына бала-шағаммен қайда барамын?», - дейді шаруа.

Нұрболатпен қоса ауылдағы 7 үйдің 26 бас жылқысын найзағай сұлатып түсіріген. Өлген малдың құнын кімнен дауларын білмей басы қатқан тұрғындар аудан әкімдігінен көмек сұрап отыр.

Қырылған малдың құнын кімнен дауларын білмеген тұрғындар аудан әкімдігінен көмек сұрап отыр.

«Аудан әкімінің арнайы тапсырмасымен комиссия құрылды. Комиссия құрамына құзырлы органдар мен заңгер мамандар енді. Қазір зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселе аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында. Қазір ауыл әкімдігі мен ветеринарлардан құрылған арнайы жасақ, қандай да бір ауру тарамау үшін өлекселерді сол тау шатқалында көміп жатыр. Себебі жылқылар жайылған биіктікке көлікпен жету мүмкін емес», - деді Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев.