Қостанай облысында лауазымды қызметтегі 6 полицей жұмыстан қуылды

Халық үні

Екі айға жуық тексерістен соң полиция департаментінің басшылығы түгел дерлік қызметтерімен қош айтысты

ашық дереккөзден

Қостанай облысында полиция департаментінің орынбасарынан бастап, лауазымды қызметтегі тағы 6 полицей жұмыстан кетті, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Есірткі бизнесінің жолын кесудің орнына, заңсыз кәсіптен пайда көріп келген осы тәртіп сақшыларының дені - нашақорлыққа қарсы күрес басқармасында істеген.

Синтетикалық затты таратып, қоғамға кесірін тигізіп отырғандардың аты-жөнін, түр-сипатын полицейлер білсе де, білмеген кейіп танытқан. Бұл іс мамыр айында әшкере болғанда, тек төменгі шенді үш полицей темір торға тоғытылады. Олардың ісі бойынша тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізуде. Екі айға жуық тексерістен соң полиция департаментінің басшылығы түгел дерлік қызметтерімен қош айтысты. Кейбірі өз еріктерімен рапорт жазған.

«Қызметтік тексеріс нәтижесінде бірқатар қызметкерлер қатаң тәртіптік жазаға тартылды. Атап айтқанда 11 қызметкер жауапкершілікке тартылды. Оның бесеуі басшылық құрамнан. Өзінің атқарып отырған лауазымдарынан босатылды. Және де қылмыс жасаған қызметкердің өзі Ішкі істер органдарынан шығарылды. Қалған қызметкерлер әртүрлі жауапкершілікке тартылды», - дейді Қостанай облысының ПД бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетова.