«Түркістан облысында бір күнде 4 бала көз жұмды»: сот-медициналық сараптама тағайындалды

Халық үні

Бір күнде қайтыс болған төрт баланың өлім себебі анықталуда

Фото: Sputnik / Владислав Воднев

Түркістан облысында бір күнде 4 бала суға батып кетті. Өкінішке орай барлығы да қайтыс болды, деп хабарлады otyrar.kz.

Облыстық ТЖД мәліметінше, алғашқы жағдай Келес ауданы Абай ауылында болған. 2017 жылы дүниеге келген бала 9 шілде күні сағат 12:00-де үйінен шығып, қайтып оралмаған. Досының айтуынша, олар Келес өзенінің жанына бірге барған. Іздеу жұмыстарының нәтижесінде құтқарушылар сол күні сағат 16:30-да ені – 10 метр, тереңдігі 2 метрге жететін өзеннен баланың денесін алып шықты.

Ал екінші оқиға 9 шілде күні сағат 14:30-да Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында болған. 2021 жылы туылған бүлдіршін жеке тұрғын үйдің ауласындағы ваннаға (ені – 0,5 метр, ұзындығы – 1,5 метр, тереңдігі – 0,6 метр) құлап, батып кеткен. 2 жасар бала үлкендердің қарауынсыз қалып қойған. Баланың денесін ата-анасы сол күні сағат 15:06-да судан шығарып алған.

Үшінші оқиға 9 шілде күні сағат 12:00-де Төлеби ауданы Біркөлік ауылындағы  демалыс аймағында болған. Ересектердің қарауынсыз қалған 2021 жылы дүниеге келген бүлдіршін бассейнге құлап, батып кеткен. Бассейннің  ені – 3 метр, ұзындығы – 5 метр, тереңдігі – 1,5 метр. Баланың денесін туыстары судан шығарып алған.

Төртінші жағдай  дәл сол күні Жетісай ауаны Атамекен ауылдық округінде болды. 2015 жылы дүниеге келген бала К-25-9 суармалы каналына батып кеткен. Жергілікті тұрғындар 10 шілде күні сағат 00:30-да мәйітті судан алып шыққан.

Бір күнде суға батып қайтыс болған төрт баланың өлім себебі анықталуда. Тиісті сот- медициналық сараптама тағайындалды.