Депутаттар ішімдік сатылмайтын ауылға барды

Дәурен Ерболат

Елді мекенді дамытуға кәсіпкерлер өз үлесін қосып жатыр

Фото: Respublica

Мәжіліс депутаттары Түркістан облысындағы ішімдік сатылмайтын ауылға барды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, депутат Руслан Берденов Сайрам ауданының Құтарыс ауылында болды. Онда 5 мыңнан аса адам тұрады әрі ауылда алкоголь сатылмайды.

Сондай-ақ елді мекен Ozen қайырымдылық қорының «100 қазақ ауылы» бағдарламасы аясында тест платформасы ретінде таңдалып алынған.

Мақсатымыз – дарынды балаларға арналған білім беру және спорт, шағын кәсіпкерлік, медицина және инфрақұрылым саласындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру әрі Қазақстан ауылдарының экожүйесін дамыту. Біз қала мен ауыл арасындағы айырмашылықты жоюға, цифрландыруды дамытуға және сапалы интернетті қолжетімді етуге тырысамыз. Сондай-ақ кәсіпорындарды ашу есебінен жұмыссыздықты азайтқымыз келеді, - деді жоба авторларының бірі Нұржан Ниязалиев.

Сонымен қатар депутаттар жаңадан салынған спорт кешеніне де барды. Мұнда 100-ге жуық бала күрес және бокс үйірмесіне қатысады.

Мәжіліс төрағасы Түркістан өңірінде халық тығыз қоныстанғандықтан, инфрақұрылым мәселелері барын атап өтті.

Бізді бизнесте жүрген азаматтардың бастамашылық танытып, осындай маңызды істерді істеп жатқаны қуантады, - деді Ерлан Қошанов.