Halyq Uni логотип
×

Теңгедегі Назарбаев алып тастаған ескі атрибуттардың бірі қайта енгізілмек

Ол 2016 жылға дейін теңгелік банкноттардың міндетті атрибуты болған еді

 Еркеғали Болатұлы 11.07.2023 | 17:17
Теңгедегі Назарбаев алып тастаған ескі атрибуттардың бірі қайта енгізілмек
фото: Halyq Uni

Қазақстанда теңге банкноттарын қайтадан Ұлттық банк төрағасының қолтаңбасымен шығару жоспарланып отыр. Банкноттар мен монеталардың жаңа дизайны да бекітілген. Президент жарлығына өзгеріс енгізу жобасы «Ашық НҚА» порталына жарияланды.

Өзгеріске сәйкес, банкноттардың қосымша дизайн элементтерінде мыналар болады:

  • сериялық нөмірі және дизайнының бекітілген жылы;
  • банкноттардың дизайны бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының қолы;
  • банкноттарды қолдан жасау үшін жауаптылық туралы жазба банкноттар дизайнының қосымша элементтері болады.

Қолданыстағы «Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесінің банкноттары мен монеталарының дизайн тұжырымдамасын бекіту туралы» жарлыққа сәйкес, қосымша дизайн элементтеріне тек сериялық нөмірі мен дизайны бекітілген жылы көрсетіледі.

Бұл ретте банкноттар мен монеталар дизайнының мiндеттi элементтері:

  • номиналдың цифрмен және (немесе) әріппен белгiленуi;
  • түпнұсқалығын айқындауға мүмкiндiк беретiн және қолданыстағы қорғау технологияларын қолдана отырып, қолдан жасаудан қорғауды қамтамасыз ететiн элементтер;
  • эмитент елінің және (немесе) эмитенттің ресми атауы;
  • банкноттардың бет жағында және монеталардың бет немесе сырт жағында орналастырылатын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Елтаңбасының бейнесі.

Еске сала кетсек, Ұлттық банк төрағасының қолы 2016 жылға дейін теңгелік банкноттардың міндетті атрибуты болған еді. 2016 жылдың ақпан айында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылғы жарлығында:

Банкноттардың бет немесе сырт жағында осы дизайндағы банкноттардың айналысқа алғашқы шығарылған кезіндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының қолы болуға тиіс деген тармақты алып тастаған болатын.

Енді Жарлыққа өзгеріс енгізу жобасын қоғамдық талқылау 24 шілдеге дейін жалғасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама