Тапсырма берілген, бірақ нәтиже жоқ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы LRT құрылысын тағы сынға алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мемлекет басшысының пікірінше, ірі қалада халықтың тұрмыс сапасына қоғамдық көлік пен жол кептелісі тікелей әсер етеді.
«Сондықтан көлік инфрақұрылымын дамытудың айрықша мәні бар. Жуырда Алматыға сапарым барысында қоғамдық көлікті және электронды билет сату жүйесін басқару орталығының жұмысымен таныстым. Бұл саладағы цифрландыру ісі өзінің тиімділігі жоғары екенін көрсетіп отыр. Сондықтан елорда әкіміне Алматының оң тәжірибесін ескере отырып, қоғамдық көлікті диспетчерлік басқару жүйесін қолданысқа енгізуді және дамытуды тапсырамын», - деді Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.
Сондай-ақ президент LRT құрылысына тоқталды.
«Мен қаңтарда LRT-ға қатысты жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырдым. Нақты мерзімдер айқындалды. Тұрғындарға уәде берілді. Енді осы жобаны дер кезінде аяқтау керек. Бұл жұмысқа біраз қаражат бөлінді. Бірақ нақты нәтиже жоқ.
Көлік мәселесін шешуді соза берсек, қала кептелістен көз ашпайды. Бұл үлкен дағдарыс тудыруы мүмкін. Сондықтан мәселені оңтайлы шешу қажет. Әйтпесе, экономикалық шығынға тап боламыз. Адамдар уақыт жоғалтады, қалаға экологиялық зиян келеді. Көлік саласындағы жағдайдың ушығуына көші-қон мәселесі де ықпал етіп отыр», - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев қалада көші-қон процесін бақылауға алу маңызды екенін атап өтті.
Жыл сайын Астанаға 50-60 мың адам келеді. Бұдан бөлек, күн сайын жақын маңдағы елді мекендерден 150 мың адам келіп-кетеді. Мұның бәрі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай салмақ түсіреді. Сол себепті, көші-қон үдерісін тиімді реттеу қажет. Яғни, пәрменді шаралар қабылдау керек. Негізінен көп адам қалаға жақын жерлерден жұмыс істеуге келеді. Сондықтан бұл саланы нақты реттеп, бақылау күшейтілуге тиіс, - деді мемлекет басшысы.