Қалада көптеген адам апатты үйде тұруға мәжбүр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл елордада үлескерлердің мәселесі толық шешілетінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде Астанада 4 мыңға жуық үлескер баспанаға қол жеткізе алмай жүр.
Бұл – өткір мәселе. Оны шешу үшін батыл қадамдар жасау қажет. Қазір бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз. Биыл үлескерлері бар 16 үйдің құрылысын аяқтау керек. Жыл соңына дейін бұл мәселе толық шешімін табуға тиіс. Осындай құрылыстардың қайта пайда болуына жол бермеу қажет, - деді президент елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте.
Ол қаңтардағы жиында ескі және апатты жағдайдағы үйлер мәселесіне кеңірек тоқталғанын еске салды.
«Елорданың тұрғын үй қоры ескіріп барады. Бұл – әсіресе, шеткері орналасқан жеке секторға қатысты мәселе. Көптеген азамат апатты жағдайдағы баспанада тұрып жатыр. Мұндай ғимараттарды сүріп тастап, орнына жаңа үйлер салу қажет. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Бастапқы кезеңде бұл жұмысқа мемлекет атсалысуы қажет.
Шетелде мұндай тәсіл кеңінен қолданылады. Сондай-ақ бұл іске міндетті түрде бизнесті тарту керек. Тұрғын үй қорын жаңартудың басқа жолы жоқ, - деді мемлекет басшысы.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев елордада әлеуметтік нысандардың орнына тұрғын үйлер салынып жатқанын айтқан еді.