Елордада әлеуметтік нысандардың орнына тұрғын үйлер салынып жатыр – Тоқаев
Құрылыста олқылық өте көп
Астанада әлеуметтік нысандар орнына тұрғын үйлер салынып жатыр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысын ретке келтіруді тапсырды.
«Қазір Астанада 10 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып жатыр. Өкінішке қарай, құрылыс қарқыны жоғары болғанмен, сапаға көңіл бөліне бермейді. Бұл салада олқылықтар өте көп.
Қаланы көркейтіп, жұртқа қолайлы жағдай жасау басты назарда болуға тиіс. Алайда жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі басым түсіп жатады. Қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң, орынсыз құрылыс көбейіп кетті. Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесте.
Оның айтуынша, қалада кейбір құрылыс компаниялары заңсыз жұмыс істеп жатыр.
«Құрылыс – экономиканың өте маңызды саласы. Бұған дау жоқ. Астанада құрылыс көп болғандықтан, қомақты қаржы бөлінетіні белгілі. Сондықтан адал кәсіпкерлермен қатар, түрлі алаяқтар да пайда көріп қалуға тырысады. Кейбір компаниялар құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттары болмаса да жұмыс істеп жатыр. Бизнесті тексеруге салынған тыйымды, яғни мораторийді желеу етеді.
Сондай-ақ үлескерлерден заңсыз қаражат жинайды. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Әкімдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұл үрдіске тосқауыл қоюы керек. Мұның бәрі жаңа проблемалық нысандардың пайда болуына әкеп соқтырады. Әкімдік көз жұмып отыра берсе, бұл мәселе ушығып кетеді, - деді президент.
Сондай-ақ ол осы саланы тез арада бақылауға алуды тапсырды.
Шенеуніктердің мұндай салғырттығы және жауапсыздығы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан барлық салада, соның ішінде құрылыс саласында заң мен тәртіп болуға тиіс. Мен заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін бақылауды күшейтіп, саланы реттеуді тапсырдым, - деді мемлекет басшысы.