×

Елорданы дамытудағы түйткілдерді шешуде мемлекеттік органдар тиянақты жұмыс істеуі қажет – Тоқаев

Мемлекет басшысы Астананы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді

 Динара Амантай 11.07.2023 | 13:36
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президент елорда халқының артуы әлеуметтік инфраққұрылымға айтарлықтай салмақ түсіретініне назар аударды.

Елорда күн санап ұлғайып келе жатыр. Тұрғындар саны айтарлықтай көбейді. Алдағы жылдары қала халқының саны 1,5 миллионға жетеді деген болжам бар. Бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Бірақ қаланың бас жоспарында бұл жағдай толық ескерілмеген. Әрине, қаланың қарқынды дамығаны жақсы. Дегенмен қазір осы үрдіс әлеуметтік инфрақұрылымға зор салмақ түсіріп отыр. Әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. Мұны жұрт біліп отыр. Сондықтан Үкімет те, әкімдік те соның бәрін шешу үшін жұмыла жұмыс істеуі керек. Бұл жұмысқа қоғам өкілдерін тарту қажет. Астананы көркейту, тұрмыс сапасын жақсарту – бәрімізге ортақ міндет, – деді президент.

Сондай-ақ мемлекет басшысы қаңтар айында арнайы кеңесте біраз мәселе талқыланып, мақсат-міндеттер айқындалғанын еске салды.

Мерейтой – қол жеткізген жетістіктер мен жарқын жеңістерге ғана емес, жіберілген қателіктер мен мүмкіндіктерге де назар аударатын маңызды белес. Жіберілген кемшіліктерден сабақ алып, тиісті қорытынды шығару маңызды. Қазір босаңситын және жетістіктерге тоқмейілситін уақыт емес. Бәсекеге толы күресте жетістігіне масаттанбай, өзін-өзі шыңдап, алға қадам басқандар жеңіске жетеді. Бүгінгі жиынның мән-маңызы да – осы.

Астана – еліміздің іскерлік, саяси және мәдени орталығы. Еліміздің барлық аймақтары елордаға қарап бой түзейді, дамиды. Астана көптеген салада, соның ішінде азаматтардың өмір сүру сапасы бойынша да басқа қалаларға үлгі көрсетеді. Сондықтан қаланың тұрақты дамуына кедергі болып жатқан түйткілдерді шешу үшін мемлекеттік органдар тиянақты жұмыс істеуі қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама