Bek Air: Алматы іргесінде болған ұшақ апатына қатысты тергеу аяқталды
Ұшақ апатының неден болғаны айтылды
2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы қаласының әуежайы аумағында Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 әуе кемесінің апатқа ұшырады. Апат кезінде ұшақ бортында 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 13 адам көз жұмып, 50 шақтысы түрлі жарақат алды. Бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ұшақ апатына қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады.
Заңға сәйкес ұшақ апатын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган құрған комиссия тексерді. Халықаралық заңнамаға және ҚР заңнамасына сәйкес комиссия жұмысына Нидерланд қауіпсіздік жөніндегі бюросының өкілдері (авиациялық оқиғаларды тексеру жөніндегі мемлекеттік орган) және олардың кеңесшілері – нидерландтық Fokker Services B. V. компаниясының мамандары (Fokker үлгісіндегі әуе кемесі сертификатының иесі), сондай-ақ Мемлекетаралық авиация комитетінің тексерушілері қатысты.
Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің (ICAO) Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына және ҚР заңнамасына сәйкес тексеру нәтижелері бойынша қорытынды есеп Нидерланд қауіпсіздік жөніндегі бюросымен, Мемлекетаралық авиация комитетімен келісілді.
Осылайша, Bek Air компаниясына тиесілі әуе кемесіне қатысты авиациялық оқиға ұшақ әуеге көтерілген кезде қанатының тірей алатын сипатынан айырылуынан симметриясын жоғалтуы нәтижесінде болғаны анықталды. Соның кесірінен ұшақ ұшу-қону жолағынан көтерілгеннен кейін фюзеляжға құлап, қар басқан топырақтың бетімен оңға қарай ауып кеткен, одан кейін әуежайдың периметр бойынша қоршауын бұзып, аталған қоршаудан 9-10 метр қашықтықта орналасқан екі қабатты жеке меншіктегі құрылыс нысанына соғылған.