ҰБТ-ға шпаргалкамен кіретіндер азайып жатыр
Биыл 700-ден аса талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған
Қазақстанда ұлттық бірыңғай тестілеуге шпаргалкамен кіретін түлектер азайып келеді. Бұл туралы ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Иә, ҰБТ-ға шпаргалкамен кіретіндер азайып жатыр... ҰБТ-ны өткізу барысында 402 талапкер смартфон, шпаргалка және тағы басқа тыйым салынған заттарды алып өткені үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережені бұзған 312 адам шығарылып, олардың ҰБТ нәтижесі жойылды, - деді орталық директоры ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, былтыр ҰБТ-ға тыйым салынған заттарды алып кіргені үшін 357 талапкер, ал тест тапсыру кезінде ереже бұзған 327 талапкер ҰБТ-ны тапсыру құқығынан айырылған.
Сондай-ақ Руслан Емелбаев биыл 31 қазанға дейін ұлттық бірыңғай тестілеудегі барлық видео тексерілетінін атап өтті.
Биыл 31 қазанға дейін (ҰБТ-дағы) барлық видео мен локты (цифрлық ізді) тексереміз. Егер тағы ереже бұзу анықталса, біз ҰБТ нәтижесін жоямыз. Былтыр постмониторинг нәтижесінде 212 талапкердің ҰБТ нәтижесі жойылды, - деді басшы.
Ол мұндай норма 2020 жылы алғаш рет қолданылғанын еске салды.
«Сол жылы (ҰБТ-дағы) видеоларды қайта қарау нәтижесінде 152 талапкердің, 2021 жылы 52 адамның, 2022 жылы 217 адамның ҰБТ нәтижесі жойылды. Биыл да бұл жұмыс жүргізіледі», - деп түйіндеді сөзін Руслан Емелбаев.