Еуропа кеңесіне Қазақстанда адам құқығы қалай қорғалатыны айтылды
Кеңес құқықтық қолдау көрсетуге дайын
Биыл 6-7 шілдеде Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бастаған делегация Страсбургте (Франция) өткен Еуропа кеңесінің Адам құқығын сақтау саласындағы біліктілікті арттыру мәселелері жөніндегі конференцияға (HELP) қатысты, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Іс-шараға Қазақстан президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Еуропа кеңесі хатшылығы құрылымдық бөлімшелерінің басшылығы мен қызметкерлері, құқық қорғау, мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Еуропа және Орталық Азия кеңесіне мүше елдердің адвокатуралары қатысты.
Конференция барысында Еуропа кеңесінің Адам құқығы департаментінің директоры К. Пуарельмен келіссөздер жүргізілді. Елімізде адам құқықтары мен заң үстемдігін сақтау саласында жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар туралы ақпарат берілді.
Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес және ұрланған активтерді қайтару Қазақстанның құқық қорғау органдары үшін басымдықтардың бірі саналатыны айтылды. Осыған байланысты Қазақстан Еуропа Кеңесінің өзара құқықтық көмек туралы конвенциясына қосылуға дайын екенін атап өтті.
Аталған конвенцияға қосылу Еуропадағы қылмыстық істер бойынша Қазақстанның сұрауларын орындауға және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету үшін неғұрлым берік құқықтық база құруға мүмкіндік береді.
К. Пуарель Еуропа кеңесінің хатшылығы адам құқығын сақтау саласындағы реформаларды тиімді іске асыру мәселелерінде, сондай-ақ Еуропа кеңесінің тиісті конвенцияларына қосылуы мәселесі бойынша Қазақстанға толық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.