Грант мөлшері – 400 АЕК-ке дейін
Жыл басынан бері 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 5 мың 316 грант берілді. Биыл барлығы 9 мың грант беру жоспарланып отыр.
Бірінші және екінші лек бойынша гранттар алуға өтінімдер осы жылғы наурыз және мамырда бекітілген кестеге сәйкес қабылданды.
Осылайша, өткен екі лек шеңберінде үміткерлерден барлығы 51,2 мың, оның ішінде көпбалалы отбасылардан 30,1 мың, мүгедектігі бар адамдардан 8,7 мың, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын адамдардан 6,1 мың, атаулы әлеуметтік көмек алушылардан 2,7 мың өтініш қабылданды. Сондай-ақ асыраушысынан айырылған 2,01 мың адам, 160 қандас және 506 қоныс аударушы өтініш берді.
Өтінімдердің ең көп саны Түркістан (11,6 мың) және Жамбыл (5,5 мың) облыстарының және Шымкент қаласының (6 мың), ең аз саны Ұлытау (365) және Ақмола (611) облыстарының үміткерлерінен келіп түсті.
Айта кетсек, мемлекеттік грант – нысаналы мақсаты жаңа бизнесті бастау және дамыту санатындағы қайтарымсыз берілетін бастапқы капитал. Грант мөлшері – 400 АЕК-ке дейін (1 млн 380 мың теңге). Әрбір қатысушы оны тек бір рет қана ала алады.
Гранттарды халықты жұмыспен қамту орталықтары үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық/қалалық комиссияның шешімі негізінде береді.