ТЖМ жоғары дайындық режиміне көшті
Алдағы үш тәулікте аптап ыстық күтіледі
Премьер-министр Әлихан Смайылов төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың республиканың бірқатар өңірінде ауа температурасының көтерілуіне байланысты қабылданып жатқан шаралар туралы баяндамасын тыңдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, ауа райына байланысты азаматтық қорғау органдары жоғары дайындық режиміне ауыстырылды. Елімізде алдағы үш тәулікте 43 градус ыстық пен жаңбыр күтіледі.
Алдағы күндері елдің шығыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарына атмосфералық фронтальды бөлімдер әсер етеді. Осыған байланысты найзағай, бұршақ және екпінді жел жауады. 8 шілдеде солтүстік-шығыс пен шығыста, 8-9 шілдеде республиканың оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр жауады, – делінген ТЖМ хабарламасында.
Ведомство өкілдерінің ақпаратына сәйкес, Қазақстанның қалған аумағы солтүстік-батыс антициклонының ықпалында болады. Осыған байланысты ауа райы негізінен жауын-шашынсыз болады деп күтіледі. Бүкіл кезең бойы батыста, 9-10 шілдеде солтүстік-батыста, 10 шілдеде Қазақстанның орталығында +43 градусқа дейін аптап ыстық күтіледі.
Үкімет басшысы ТЖМ-ге облыс әкімдіктерімен бірлесіп штаттан тыс жағдайларға, оның ішінде табиғи өртке және адамдардың судағы қауіпсіздігіне толық дайындықты қамтамасыз ету үшін қажетті күштер мен техникалық құралдарды жұмылдыруды тапсырды.