Қабірден қайта қазып алынған марқұмның мәйітінен алкоголь анықталған
Қаңтар оқиғасында кенже ұлынынан айырылған шымкенттік Жазира Жандарбекова әлі қайғыдан арыла алмай жүргенде, орган қызметкерлері оның марқұм ұлының мәйітін эксгумация жасау үшін қайта қазып алған. Марқұмның анасы үш бойы қарсыласып, келісімін бермей келген. Алайда, 7 сәуірде Аңсар Исламның (марқұм – авт.) мәйітін қайта қазып алып, эксгумация жасалған.
«Мәйітті қайта қазып алуға қарсы болдым. Қырғын кезінде баламды өлтіріп қана қоймай, оны қайта қазамыз деп тыныштық бермеді. Ұлымды жерлеп болғасын, 10 күннен кейін келді. Бірақ біз қарсыласып тұрып алған соң доғарған еді. Үш ай өткен соң тағы да шықты. Оның сүйегі ғана қалды ғой. Несін тексермекші? Түсінбеймін», - дейді марқұмның анасы Жазира Жандарбекова.
Жазираның айтуынша, ұлы Алматыға жұмыс істеуге кеткен. Қасында туған ағасы мен келіншегі болыпты. 5 қаңтарда Алматыға барған Аңсар ертеңіне көлігінің майын ауыстыру үшін көшеге шығады. Сол кезде жаппай тәртіпсіздік болып жатқан ортаға тап болады. Жан-жағы түтінге оранған соң, олар көліктен шығып, оқтың астында қалған. Бірі ауруханаға, бірі мәйітханаға жеткізілген. Бірақ бұл жағдайдан ағайынды қос бауырдың ата-анасы бейхабар болған.
«Үлкен ұлым көзін ашса ауруханада жатыр екен. Сөйтіп, іле-шала інісіні іздеген. Өзі жатқан жерді түгелдей тінтіген. Іздеген, бірақ таппаған. Содан басқа ауруханаларға жүгірген. Үміті үзілген соң, мәйітхананы аралауға шығыпты. Басында үйілген мәйіттің арасынан бауырын таппағанына қуаныпты. Кейінірек Аңсардың аяқ киімін байқап қалып, мәйітті көлігіне салып алып Шымкентке дейін өзі жеткізді. Келген бойда есінен танып құлады», - дейді етегі жасқа толған Жазира ханым.
Марқұмның ата-анасы қарсы болмағанына қарамай, қызметкерлер мәйітті қайта қазып алып, эксгумация жасаған. Алайда Аңсардың анасы сараптама нәтижесімен келіспейтінін айтып зертханаға дейін барған.
Осылайша, өз-өзіне келе алмай жүрген ата-ана баласының қабірден қайта қазып алуына да көндік дейді. Алайда, тексеріс нәтижесі біздің жанымызды одан сайын жаралады деп ашынады.
«Эксгумация нәтижесінде баламның бойынан спирттік ішімдік табылыпты. Қалай? Ол тапа-тал түсте ағасымен көлігінің майын ауыстыруға шықты ғой? Сосын қырғын арасында қалып қойып, мойны мен шатына оқ тиген. Енді келіп оны арақ ішкен деп отыр? Мен бұл шешіммен келіспеймін», деген Жазира Жандарбековаға сараптама жасаған мамандар бұл соңғы шешім емес екенін айтыпты.
Ажалынан екі ай бұрын үйленген Аңсар Исламның жесірі (келіншегі) жүкті екен. Қара жамылған отбасы бар жұбанышы сол екенін, Аңсардың артында ұрпағы қалатынын айтады.