17 келі өлексе көмілді: Атырау облысында әлі балық қырылып жатыр
Бұл дерек облыстық балық шаруашылығы басқармасына хабарланған
Кеше Атырау облысындағы Ералы су қоймасынан қырылған балықтың 17 келі өлексесі шығарылған.
Қызылқоға аудандық әкімдігінің мәліметінше, Ералы су қоймасының маңындағы Меңдібай учаскесінде бірыңғай ақбалық қырылған.
Оқиға орнына Ойыл ауылдық округінің әкімі мен 6 ерікті барып, жағдайды анықтады. Олар жергілікті уақытпен сағат 12:00-19:00 аралығында су қоймасын өлген балықтан тазалау жұмыстарын жүргізді. Ералы су коймасының Меңдібай учаскесінен 17 келі шамасындағы өлген балық сүзіліп алынып, арнайы орынға көмілді, - деп хабарлады аудандық әкімдік.
Ал бүгін жергілікті атқарушы орган қызметкерлері Меңдібай учаскесінде қосымша анықтау жұмыстарын жүргізген. Су қоймасының басқа учаскелерінен балықтың өлу дерегі анықталған жоқ.
Аталған дерек облыстық балық шаруашылығы басқармасына хабарланған. Қазір облыстық басқарманың мамандары Қызылқоға ауданында жүр.
Еске сала кетсек, бұған дейін осы облыстағы Ойыл өзенінде де балық қырылып жатқаны хабарланған еді. Одан бұрын, яғни биылғы наурызда өңірдегі Нарын арнасында да осындай дерек тіркелген.