Halyq Uni логотип
×

Ақтаудағы спортшы қыздың өлімі: іс басқа бапқа ауыстырылып, күдікті ұсталды

Марқұмның денесі мәйітханада бесінші күн жатыр

 Халық үні 07.07.2023 | 22:10
Ақтаудағы спортшы қыздың өлімі: іс басқа бапқа ауыстырылып, күдікті ұсталды
Фото: lada.kz

Ақтауда 2 шілдеде су жиналатын арнадан өлі табылған 21 жастағы спортшы Валерия Шальнованың өліміне қатысты іс басқа бапқа ауыстырылды, деп хабарлады Lada.kz.

Бұған дейін қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 105-бабы («Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу») бойынша қозғалған. Кейін полиция 119-бап («Қауiптi жағдайда қалдыру») бойынша тергеу жүргізуді бастаған болатын. Қазір ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлімі («Адам өлтіру») бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Сот санкциясымен күдікті 10 тәулікке қамауға алынды, - дейді зардап шеккен тараптың адвокаты Ажар Әбділ.

Басылым мәліметінше, марқұм Валерия Шальнованың әпкесі Каролина Шальнова тәуелсіз сараптама әлі жүргізілмегенін айтқан. Марқұмның денесі мәйітханада бесінші күн жатыр.

«Денесін мәйітханаға әкелген күні медициналық сарапшы белгісіз себептермен сараптама жасамаған. Заң бойынша ол мәйітті әкеле салысымен бірінші күні-ақ қарауы керек еді. Оның үстіне ата-анамызды бірден оны тануға кіргізуге рұқсат бермеді. Денені суреттерге қарап, атап айтқанда татуировкасы арқылы таныған. Жергілікті медициналық сарапшы денеде зорлық-зомбылықпен өлім белгілері жоқ деген қорытынды шығарған. Неге екені белгісіз, мұрыны жаншылғанына мән бермейді, мойнында қылқындыру іздері бар, көптеген гематомалар бар. Мен оны ата-анаммен бірге көрдім. Оның үстіне әлі сараптама қорытындысын алған жоқпыз. Басқа өңірден тәуелсіз сарапшылар мәйітті бейтарап сараптамадан өткізу үшін Ақтауға келе алмайды. Бізге тәуелсіз сараптама жүргізуге мүмкіндік беруді талап етеміз», - деді Каролина Шальнова.

Еске салайық, 2 шілдеде Ақтауда су жинау арнасынан 21 жастағы қыз өлі табылды. Әпкесінің айтуынша, сіңлісі Ақтауда танымал спортшы болған. Қоян-қолтық ұрыспен кәсіби түрде айналысқан. Көптеген жарыстың жүлдегері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама