Каспий жағасындағы вилла, қонақ үйлердің жері мемлекет меншігіне қайтарылды

Еркеғали Болатұлы

Бұл ретте жер заңнамасының нормалары Ақтау қаласының әкімдігі тарапынан бұзылған

фото: дереккөз

Маңғыстау облысының жер ресурстарын басқару департаменті Ақтау қаласындағы Каспий теңізінің жағалауында орналасқан жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтарды.

Бұл туралы Жер комитетінің төрағасы – ҚР Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі Бас мемлекеттік инспекторы Мұрат Теміржанов мәлімдеді.

Олар:

- Ақтау қаласы, «Самал-2» шағын ауданы мекенжайында орналасқан «Вилла» нысанын салу және күтіп ұстау үшін ауданы 225,9437 га жер учаскесі (Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ);

- Ақтау қаласы, 4-А шағын ауданы, 41 учаске мекенжайында орналасқан сауықтыру және ойын-сауық кешені бар қонақүйдің аумағын кеңейту үшін ауданы - 0,572 га жер учаскесі (Сот шешімі заңды күшіне енді).

Бұл жер учаскелерін коммерциялық мақсатқа беру кезінде Ақтау қаласының әкімдігі тарапынан жер заңнамасының нормалары бұзылған.

Атап айтқанда:

- жер учаскесі жер комиссиясының қорытындысы берілмей және жерге орналастыру жобасы жасақталмай берілген;

- аумақты кеңейту мақсатында берілген жер учаскесі негізгі учаскеге іргелес емес.