Шымкентте Антикор басшысының бұрынғы орынбасары сотталып жатыр
Оған алаяқтық жасады деген айып тағылды
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында қаланың бұрынғы прокуроры және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасары Мақсат Қожабаевтың соты басталды.
Бұрынғы құқық қорғау органдарының аға қызметкері алаяқтық жасады деп айыпталып отыр.
Қожабаев 2021 жылы 5 желтоқсан мен 2022 жылы 29 қаңтар аралығында алаяқтық жасады, яғни лауазымды адам өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы бөтеннің мүлкін ұрлау, алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобымен аса ірі мөлшерде ақша жымқырды, – делінген айыптау актісінде.
Мақсат Қожабаевты ҰҚК қызметкерлері сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасады деген күдік бойынша сотқа дейінгі тергеу шеңберінде 9 қаңтарда ұстаған болатын. Бірақ ол кезде оның қандай құқықбұзушылық екені айтылмаған.