Тоқаев партия қатарынан шықса, Боқаевтың партиясы тіркеудің екінші кезеңіне өтті
Енді екі ай ішінде партияның съезін өткізуі керек
Қаңтар оқиғасынан кейін қоғам белсендісі Санжар Боқаев Namys деген атаумен жаңа саяси партия құратынын мәлімдеді. Ал бүгін Namys партиясының тіркеудің бірінші кезеңінен өткенін жариялады.
«Менің керемет жаңалығым бар. Namys партиясының тіркелуіне барлық құжаттар қабылданды. Әділет министрлігі құжаттардын және барлық деректердің дұрыстығы мен толықтығын хатпен растады. Бұл тіркеудің бірінші кезеңі сәтті аяқталды деген сөз. Барлық қолдаушыларға және өз құжаттарын бірінші болып жіберген белсенді азаматтарға алғыс айтқым келеді», - деп жазды ол.
Жаңадан құрылған партия қазір тіркеудің екінші кезеңіне өтті. Енді екі ай ішінде партияның съезі өтуі керек. Ал үшінші кезеңде 20 мың адамның (партия мүшелері – ред.) қолтаңбасын жинау міндеті тұр.
Партия бағдарламасы негізгі 7 бағыттан тұрады:
- Әділ, тәуелсіз, адал сот жүйесін құру;
- Жемқорлыққа ымырасыз күрес жариялау;
- Мемлекетті, қоғамды, жастарды дамыту үшін мәдени революция жариялау;
- Толық саяси трансформация жүргізу (әділ, тәуелсіз сайлау жүйесін құру, жаңа партияларды тіркеу, өзін өзі ұсыну құқығын қайтару, парламент сайлауын өткізу, қала әкімдерін сайлау);
- Мемлекеттік аппарат санын қысқартып, тиімділігін арттыру;
- Сапалы біліммен, медицинамен қамтамасыз ету;
- Жастарға арналған зауыттар (жұмыс орындарын) ашу.
Бұған дейін Санжар Боқаев партия төрағасы сайлау арқылы таңдалатынын, тіркеліп, парламентке өтіп жатса, бюджет есебінен қаржыландырудан бас тартатынын мәлім еткен. Сондай-ақ кәсіпкерлерден де қаржы алу ойында жоқ екенін жеткізіп, партия оның мүшелерінің жарнасы негізінде өзін-өзі қаржыландыратынын айтты.