Пәтерді жалға алған кәмелетке толған жігіт те күдікке ілінді
Оралда 13 жасар қызды зорлады деген күдікпен бесінші адам ұсталды, деп хабарлайды «Мой город» сайты.
Жасөспірім қызды мектеп оқушылары жабылып зорлаған.
«Қылмыс 12 маусымда сағат 1:00 шамасында болған. 16 және 15 жастағы төрт кәмелетке толмаған бала жалдамалы пәтерде 13 жасар қызды зорлады», – деп хабарлады БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Пәтерді жалға алған кәмелетке толған жігіт те күдікке ілінді. Ол қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Соттың санкциясымен екі ай қамауда болады.
Тергеу мәліметтері бойынша, қызды пәтерге алдап кіргізген. Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, онда олар 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.