Біз қаланы дамытуда теңсіздікті жоюымыз керек – президент
Мемлекет басшысы Астананың орталығына ғана емес, оның шетіне де көңіл аударуды талап етті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумында қаланың орталығын ғана емес, оның шеткі жерлерін де дамытуға баса мән беру керектігін айтты.
Орталық көшелерді ғана жарқыратып қойып, қаланың шеткері аудандарына көңіл бөлмеу әділетті қоғам идеясына сай келмейді. Үйлесімді әрі теңгерімді мегаполис үшін тиімді көлік жүйесінің, соның ішінде дамыған қоғамдық көліктің, ыңғайлы велосипед және жаяу жүретін жерлердің болуы аса маңызды. Технологияның, атап айтқанда жасанды интеллекттің қарыштап дамуы қалаларды барынша сапалы басқару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. «Ақылды қала» тұжырымдамасын іске асыру азаматтарға жаңа цифрлық қызмет ұсынуға, ғимараттардың энергия тұтыну тиімділігін айтарлықтай жетілдіруге, сондай-ақ көлік ағынын түбегейлі оңтайландырып, көшедегі қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – біз үшін өзекті міндет, – деді президент.
Оның айтуынша, үлкен көрсеткіштер қаланың үйлесімді дамуымен үнемі сәйкес келе бермейді. Осы орайда мемлекет басшысы қала әкімдігінің, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі мен қажетін басшылыққа алуы керектігін ескертті.
Астананың барша тұрғыны мен қонақтары үшін қалада барынша қолайлы орта қалыптастыру – аса маңызды мәселе. Біз бәріне тең мүмкіндік берілетін қоғам құру жолын таңдадық. Осы бағытта дамып келеміз. Сондықтан өзара жауапкершілік пен азаматтық ынтымақтастыққа негізделген инклюзивті дамуға айрықша мән береміз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Оның айтуынша, білім беру, денсаулық сақтау нысандары, мәдени-демалыс мекемелері, саябақтар мен қоғамдық орындар қаланың барлық тұрғынына бірдей қолжетімді болуға тиіс. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған қала инфрақұрылымының қолжетімділігін арттыру керек.
Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсу қажет. Оны мойындауымыз керек. Осы ретте елордамыз қала тұрғындарына ғана емес, еліміздің барша азаматына мол мүмкіндік береді. Мысалы, Астанада әлемдік деңгейдегі клиникалары бар медициналық кластер қалыптасты. Мұнда күрделі операциялар жасалады. Қазақстанның әр аймағынан келген науқастарға жоғары деңгейде медициналық қызмет көрсетіледі, – деді ол.
Сөз соңында президент «қала аудандарын дамыту ісіндегі теңсіздікті жоспарлы түрде жоюымыз керек» екенін алға тартты.