Португалияның шабуылшысына «Боррусия» (Дортмунд) мен «Спортинг» (Лиссабон) ұсыныс дайындап жатқан көрінеді
Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду Еуропаға қайтып оралуы мүмкін. Ол келесі футбол маусымында Германияның Бундеслигасында ойнауы мүмкін деген хабар шықты. Бұл туралы Португалияның А Bola спорт басылымына сілтеме жасаған Sport.novyny.live хабарлады.
Басылымның хабарлауынша, 38 жастағы форвардқа Дортмундтың «Боррусия» клубы көз тігіп отыр. Бұл команда – Чемпиондар лигасына жиі шығып жүрген клуб.
Қазір Германия клубы оған ұсыныс дайындап отыр. Клубтың басшылығы шабуылшыны жарты жылға жалға алғысы келеді. «Боруссия» Криштиану Роналду команданың Чемпиондар лигасының плей-офф айналымына шығуына көмектесе алады деген сенім білдіріп отыр.
Сонымен бірге Роналдуға Лиссабонның «Спортинг» жасағы да ұсыныс дайындап жатқан көрінеді. Клуб өкілдері оны «Әл-Насрдан» кейін бір маусым болса да өз елінің клубында ойнайды деп үміттеніп отыр.