Ғалымдар қасиетті кітаптың бұл нұсқасының қазақ халқының тарихи жәдігері екенін растап, оның музейлік құндылығын бағалап отыр
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы табылғаны және оның елге оралғаны жайында айтқан болатын, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Кенесары ханның Құраны Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына табыс етілетінін атап өткен еді.
Бүгін президенттің тікелей тапсырмасы бойынша мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мүфтиятқа барып, Кенесары ханның Құранын табыс етті.
Мемлекеттік кеңесші Құранды отандық және шетелдік жоғары білікті, тәжірибелі мамандар толықтай зерттегенін, бірауыздан оның Кенесары ханға тиесілі екенін анықтағанын айтты. Сонымен қатар ол Құранның жан-жақты сипаттамасын баяндап, ерекшеліктерін жеткізді.
Ғалымдар Құранның бұл нұсқасы қазақ халқының тарихи жәдігері екенін растап, оның тарихи және музейлік құндылығы өте жоғары деп бағалап отыр.
Салтанатты рәсімге қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Ұлттық құрылтайдың мүшелері мен дін қызметкерлері қатысты.