Президент ШЫҰ-ның әлеуетін күшейту тұжырымдамасын қабылдауды ұсынды
Қазақстан ұйымның жаңа даму стратегиясын таныстыруды жоспарлап отыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ның әлеуетін күшейту тұжырымдамасын қабылдауды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаңару жолында ескірген тәсілдерге сүйене алмайтынын айтты.
ШЫҰ-ның әлеуетін арттыру жолындағы ортақ істе екіжақты сипаттағы проблемалардан өзімізді мейлінше аулақ ұстап, барлық күш-жігерімізді арадағы уағдаластықтарды іске асыруға жұмылдырған жөн. Халықтарымыздың ұзақмерзімді мүддесі үшін ШЫҰ аясында әрдайым өзара түсіністік, ынтымақтастық ниеті басым тұруға тиіс. Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаңа даму стратегиясын қабылдайтын уақыт келді деп ойлаймын, – деді президент.
Сонымен бірге мемлекет басшысы Қазақстан аталған құжаттың жобасын әзірлеп, оны алдағы төрағалық ету кезінде таныстыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Жаңа стратегияда өзара ынтымақтастығымыздың анағұрлым перспективті бағыттары бойынша ШЫҰ-ның күн тәртібін кеңейту көзделген. Ұйым қызметін одан әрі жетілдіру жаңа сын-қатерлерге тиімді төтеп беріп, ШЫҰ-ны заман талабына сай бейімдеу үшін маңызды қадам болмақ. Осы мақсатқа қол жеткізуге арналған Қазақстанның ұсыныстарын ескере отырып, Астанада өтетін келесі саммитке дейін ШЫҰ-ның әлеуетін күшейту тұжырымдамасын қабылдауды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.