Ауыратлет Альберт Линдердің өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

Халық үні

Марқұмның анасы қылмыстық істі не үшін тоқтатқанын түсіне алар емес

фотосурет: Сергей Седов, Альберт Линдер

17 қыркүйекте қайтыс болған қазақстандық ауыратлет - Азия чемпионы, Универсиада рекордшысы Альберт Линдердің өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы Prosports.kz тілшісіне марқұмның анасы Наталья Линдер айтып берген.

Әзірге қылмыстық істің не себепті жабылғаны белгісіз. Полиция спортшының өлімінен соң ұлттық құраманың аға бапкері Сергей Седовқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.

- Айтарға сөзім жоқ. «Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс айғақтардың жеткіліксіз болуына байланысты тоқтатылды. Тергеуші Самат Сағатов бас бапкер Сергей Седовтың кінәсін мойындамағанын, Альберттің өзіне қол жұмсауына еш қатысы жоғын айтқанын алға сүйреп отыр. Маған істің жабылғаны туралы ресми хабарландыру келді. Бірақ әлі күнге дейін баламның өліміне кінәлілер жазасын алмай, жер басып, тайраңдап жүретіні миыма қонар емес, - дейді марқұмның анасы.

– Демек сотта қаралған айғақтар жеткіліксіз болғаны ма?

– Седовтың баламды ұрғанын көрген куәгерлер мен бар мән-жайды білген балалардан жарытып ештеңе сұрамаған. Седовтан тек Альберт емес, екінші ұлым Семен де, Олимпиада жүлдегерлері Карина Горичева мен Игорь Сон да жапа шеккен. Тіпті, Игорь Сон Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен кездесуде Седовтың қол көтергінен жеке айтқан. Осыдан кейін қалайша істі тоқтатқанын түсінбеймін.

Альберт Линдердің қазасынан кейін марқұмның туған бауыры Семен Линдер ағасының суицидке баруына не түрткі болуы мүмкін екенін айтқан еді.

Еске салайық, 20 жылдан бері бапкерлік қызметте келе жатқан Дәулет Әділғазин Halyq Uni тілшісіне ҚР Ауыр атлетика федерациясында болып жатқан келеңсіздіктер мен жас спортшылардың жолын байлайтын кедергілер туралы айтып берді.