Halyq Uni логотип
×

Астанада Журналистер саябағы ашылды (ВИДЕО)

Стеллада бұқаралық ақпарат құралдарының аттары қашалып жазылған

 Дастан Жұмабекұлы 04.07.2023 | 10:35
Астанада Журналистер саябағы ашылды (ВИДЕО)
фото: Ерлан Омаров

Бүгін Астанадағы «Егемен Қазақстан» газетінің көшесінде Журналистер саябағы ашылды. Оның ашылу рәсіміне Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы, белгілі қаламгерлер Сауытбек Абдрахманов, Жанат Елшібек, Жанболат Аупбаев пен басқа да журналистиканың ардагерлері мен БАҚ басшылары қатысты.

Салтанатты іс-шарада Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі сөз сөйлеп, жиналған қауымды аллеяның ашылумен құттықтады.

Бүгін қазақ журналистикасы үшін тарихи сәт болды деуге болады. Елордадағы «Егемен Қазақстан» көшесінде Журналистер саябағы ашылды. Арнайы саябақтың ашылуын елімізде журналистерге көрсетілген құрметтің бір көрінісі деп бағалауға болады. Осыдан дәл екі жыл бұрын дәл осы маңда мемлекет басшысының қатысуымен Алаш қайраткерлерінің ескерткіші ашылғаны белгілі. Сол қаламгерлер аллеясына ұласып жатқан Журналистер саябағы ұлттық руханияттың сабақтастығын көрсетеді, – деді ол.

Одан кейін ол Журналистер саябағындағы сәнді стеллада Қазақ ұлттық баспасөзінің бағдары болған Ахмет Байтұрсынұлы мен тәуелсіз қазақ басылымдарының басшысы болған Шерхан Мұртаза бейнесінің қатар орналасуы да ұлылардың ұлы жолының сабақтастығын білдіретінін, сондықтан елдегі белгілі басылымдар мен ақпарат құралдарының аты қашап жазылған бұл ескерткішті отандық журналистиканың жылнамасы деп бағалауға болатынын айтты.

Таяуда ғана президенттің қамқорлығымен 2 ақпан Ұлттық баспасөз күні болып белгіленді. Бұл да қазақ баспасөзіне көрсетіліп отырған үлкен қолдау деп білеміз, – деді министр одан әрі.

Оның айтуынша, жалпы елорданың өркендеуіне журналистер көп еңбек сіңіріп жатыр. Астана Алатаудан Арқаға ауғанда көштің басында Шерхан Мұртаза жүрген еді. Сондықтан бұл игі іс-шара Астананың туған күні – 25 жылдық мерейтойына арналған үлкен тарту.

Осы ретте ол «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда» газеттерінің ғимаратының алдындағы қараусыз жатқан жерді сәнді саябаққа айналдыру идеясы осыдан 4 жыл бұрын бас басылымның ғасырлық белесінде келгенін, соның сәті бүгін түсіп отырғанын атап өтті.

«Егемендіктермен» бірге барша әріптестерімді құттықтаймын! Болашақта бұл сәнді саябақ барша журналистің басын қосатын, шығармашылықтарына шабыт беретін, игі іс-шаралар өтетін алаңға айналады деп сенемін. Осы іске қолдау көрсеткен қала әкімдігіне, Жеңіс Махмұдұлына алғыс айтамын, – деді ол.

Одан әрі Астана қаласының әкім Жеңіс Қасымбек Журналистер саябағының Астана күні қарсаңында ашылып жатқанын, елорданың 25 жылда тек әкімшілік орталық емес, сонымен бірге шығармашылық және рухани ордаға айналғанын айтты.

25 жылда Астана тек әкімшілік орталық емес, шығармашылық мәдени және рухани орталыққа айналды. Бүгінде еліміздің ең ірі басылымдарының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің орталық кеңсесі Астана қаласында орналасқаны заңдық құбылыс деп санаймыз. Сондай-ақ бұл саябақ «Қаламгерлер аллеясымен» ұштасып жатыр. Ол жерде қазақтың алғашқы газеттерін ашқан Алаш арыстарының ескерткіші тұр, – деді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.

«Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы Алаш қайраткерлеріне арнап тұғыртастардың көтерілуі бүгінгі «Egemen Qazaqstan» мен «Казахстанская правда», соның айналасында «Қазақ газеттерінің» қайта жаңғыруы бүгінгі уақыттың талабы болып отырғанын атап көрсетті.

Бүгінгі журналистерге даналық, батырлық ауадай қажет. Аға буын мен бүгінгі журналистердің арасындағы алтын көпір жалғасын таба береді деп ойлаймыз. Ашылған саябағымыздың абыройы мен беделі арта берсін. Осында келген журналистер сабақ алатындай, үлкен шеберлік мектебі болатындай жақсы жетістіктерге жете берейік, – деді Дихан Қамзабекұлы.

Белгілі ғалым, қаламгер, қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов ғасырдан аса тарихы бар ата басылым туралы айта келіп, еліміздің бас газетінің көшесінде орналасқан Журналистер саябағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін мәні мен маңызы жағынан елеулі оқиға болатынын, аллеяның қала күні қарсаңында ашылуы журналистердің жұмысы мен қызметіне көрсетілген құрмет екенін атап өтті.

Аллеяның ортасына стелла қойылған. Бұл стелланың бір жағында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының, екінші жағында кезінде қазақ газеттері редакторларының редакторы атанған, қазақ баспасөзі мен телевизиясының қайраткері Шерхан Мұртазаның бейнесі тұр. Сондай-ақ стеллада қазақ басылымдарының, телеарналары, сайттары мен порталдардың аттары қашалып жазылған.

Сонымен бірге аллеяда қолына микрофон ұстаған журналист қыз бен қасында оны камераға түсіріп тұрған ер адамның мүсіні қойылған. Саябақ көгалдандырылған, абаттандырылған. Оның ағаштары, орындықтары мен шамдары келісті орналасқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама