«Ол – мықты ойыншы»: Рыбакина Уимблдондағы алғашқы қарсыласы туралы айтты
Екеуі 4 шілдеде ойнайды
Әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турниріндегі алғашқы қарсыласы – әлемнің 49-ракеткасы, америкалық Шелби Роджерс туралы айтты.
Екеуінің ойыны 4 шілдеге белгіленген.
Біз Шелби екеуміз бірнеше рет ойнадық. Ұмытпасам, екі рет көгалдағы төсеніште кездестік. Сөз жоқ, ол – мықты ойыншы, допты қатты береді. Сондықтан маған оңай болмайды. Біз бір-бірімізді жақсы білеміз. Қолымнан келгенше бәрін жасауға тырысамын. Алғашқы матчта орталық кортта өнер көрсету – үлкен жауапкершілік. Оған қоса, турнирге чемпион ретінде қатысудың өзі – мүлде бөлек нәрсе. Жарыстарға осындай дайындықпен қатысамын. Уимблдонды тағы да жеңіп алғым келеді. Орталық үлкен кортта атмосфера әрқашан ерекше болады. Осы ойынды жеңемін деп ойлаймын, – деді Рыбакина.
Еске сала кетсек, Шелби Роджерс пен Елена Рыбакина 5 рет кездесіп, үшеуінде қазақстандық теннисші жеңген болатын. Америкалық спортшы 2020 жылы хард төсенішінде US Open турнирін, 2022 жылы Хертогенбоста көгалда ұтқан. Ал Рыбакина 2021 жылы көгалда Берлин мен Уимблдонда, 2022 жылы хардта Аделаидада Роджерсті жеңді.
Сонымен бірге Рыбакиана жарысқа қалай дайындалып жатқанын да айтты.
Жарысқа дайындық жақсы болды. Бірақ толық дайындалып үлгерген жоқпыз. Мүмкіндігінше жақсы дайындалуға тырыстым. Маған «Ролан Гарростан» кейін оңай болған жоқ. Себебі сырқатыма байланысты жарыстарға қатыспадым. Қысқасы, уақыт керек болды. Бір апта ештеңе істеген жоқпын. Содан кейін ғана өз-өзіме келе бастадым, – деді ол.
Қазір теннис мамандары Елена Рыбакинаны Уимблдондағы чемпиондықтан басты үміткерлердің қатарына қосып отыр.